«Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылдап, балабақшаларды түгел қазақ тіліне көшіретін кез жетті». Бүгін Алматыда «Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда белгілі тіл жанашырлары билікке осындай үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде тұғырына қашан қонады? Зиялы қауым осы мәселе төңірегінде өз ой-пікірі мен ұсынысын ортаға салды. Мәселен белгілі жазушы Смағұл Елубай қоғамдағы тілге қатысты жікті алдағы 15 жылда үш нәрсе арқылы шешуге болады дейді. Бірі, ескірген тіл Заңын қайта қарап, Мемлекеттік тіл туралы жеке Заң қабылдау. Екінші, балабақшаларды қазақ-орыс деп бөлмей, бәрін қазақ тіліне ауыстыру.
«Үшінші ұсынысымыз, мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе басшы қызметкерлер Президенттен бастап өз баяндамасының 70 пайызын мемлекеттік тілде жасауы керек. Неге? Қазақ 70 пайыз болды емес пе? Болды. Ендеше ренжітпеу керек. Бұл демократиялық принцип қой. Көпшілік қай тілде сөйлесе басшыларымыз да сол тілде сөйлеуі керек», – деді жазушы, драматург жазушы, драматург Смағұл Елубай
Жиында қайраткерлер айтуынша, Тіл туралы заңның қабылданғанына 33 жыл өтсе де қазақ тілін өз деңгейіне шығара алмадық. Сондықтан өзгеріс енді конституциялық тұрғыдан қабылдануы керек.
Марат Тоқашбаевтың айтуынша, бүгін тілге қатысты туған олқылықтар кезінде Конституциялық кеңес жіберген қателіктен туып отыр. Салдарынан қазақ тілі өзінің деңгейінен төмендеп, орыс тілі мемлекеттік тілдің кеңістігін заңсыз басып алуына әкеліп отыр.
«Өкінішке қарай 7-баптың 2-тармағында көрсетілген «мемлекеттік ұйымдар» деген сөзді кезінде Конституциялық кеңес «мемлекеттік орган» деген ұғыммен теңестіріп жібергендіктен мемлекеттік тілменен қатар орыс тілі мемлекеттік органдарға еніп кетіп отыр. «Мемлекеттік ұйымдар» деп отырғанымыз бұл – мемлекеттік органдардан төмен тұрған, екінші, үшінші деңгейдегі мекемелердің тілі», – деді жазушы, публицист Марат Тоқашбаев.
Жалпы конференция Қазақстан халықтарының тілдері күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылған. Айтылған барлық тілек, ұсынысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Парламентке жолдамақ.