Ол туралы ҚР Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова айтып берді
Елімізде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттігі кеңейді. Ол туралы ҚР Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның мақсаты - азаматтардың құқықтарын іске асырудың кепілі ретінде ресми уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту бойынша енгізілген өзгерістерді іске асыру. Конституцияның 83-бабының нормаларымен уәкіл қызметінің міндеттері мен қызметінің тәуелсіздігіне кепілдік бекітілген. Осылайша бұдан былай уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады», - деді Алма Мұқанова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті күшейтілген.
«Атап айтқанда, уәкілге азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы көзделген. Сонымен қатар уәкілге қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға кедергісіз кіру құқығы бекітілді. Уәкілдің мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауларды реттеу жөніндегі қоғамдық диалогқа қатысу және тиісті ұсынымдар беру мүмкіндігі бекітілді», - дейді ол.