Ерекше құрмет көрсету рәсіміне мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты
Алматыда еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мемлекеттік стипендиясы тағайындалды. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында өткен ерекше құрмет көрсету рәсіміне мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты. Биыл Елбасы стипендиясына әдебиет саласы мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген 70-тен аса жазушы, әртіс, музыка мен кино саласының майталмандары, сондай-ақ жас дарындар іліккен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2019 жылғы мемлекеттік стипендияға ие болғандар көрсеткіші жас ерекшелігі бойынша мынадай: 20-35 аралығындағы жастар 10 адам - 13,3%, 35-55 аралығындағы орта буын 4 адам - 5,3%, 55-75 аралығындағы кемел жасқа келген мәдениетіміздің қайраткерлері 18 адам - 24%, 75 жастан жоғары аға буын өкілдері 42 адам - 56%. Яғни, руханиятқа ерекше үлес қосушы барлық буын өкілдері қамтылып отыр деуге әбден болады», - деді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ.
Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын алғашқылар қатарында атап өту мәртебесіне Қазақ Ұлттық Университетінінің ие болуы бекер емес. Себебі, оқу ордасындағы кітапханада жақында ғана Әл-Фараби орталығы ашылған болатын. Мерекелік жиын алдында мемлекет хатшысы осы орталықтағы мұражай экспозицияларын, сирек және құнды кітаптар қорын, сондай-ақ цифрлы оқу залы мен халқымыздың ұлы тұлғаларына арналған галереяны аралады.
«Қуанышым қойныма сыймай жүр үлкен әдебиетке, поэзияға бет бұрғанымызға. Елді өсіретін, елдің интеллектісін көтеретін нәрсе бұл – поэзия, әдебиет, мәдениет. Сондықтан бүгінгі тойда, мінекей, Президенттің стипендиясын алып шықты жұрт. Бұл да – бір белес. Ал, қазақ халқы жасай берсін, ұлыларын ұлықтай берсін», - деді КСРО және ҚР Халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ.