Қалада тұрамыз деуге ұяламыз: Қаскелең тұрғындары әкімін іздеп, орталыққа барды

11.01.2024 21:39

Қала әкімі қаланың жыл санап кеңейіп келе жатқанын айтты

Кадр из видео

«Қалада тұрамыз деуге ұяламыз». Осылай деп арнамызға сұхбат берген Қаскелең қаласының тұрғындары тар жолда батпақ кешіп жүргенін айтты, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Уәдеге тойған жұрт тас төселмей жатқан көшеге тағы жиналды. Көпшіліктің айтуынша, жылдар бойы күрмеуі шешілмеген мәселе аз емес. Қыста мектептегі баласын қаңғырған ит қауып ала ма деп алаңдаса, жазда жол жиегімен жүруге қорқатынын жеткізді. Өйткені оқушыларға арналған не аялдама, не өткел жоқ екен.

– Жолды жөндеп, суды өз қаражатымызға тартып алдық. Келесі мәселе – орталық көше. Асфальт төсеп, көше бойына электр жарығын орнатып беруін өтініп әкімге бардық. Ешқандай көмек жоқ, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Ертай Құлжабай. 

"Қанша шырылдасақ та, шешімін таппай келе жатқан түйткіл көп". Көпшілік «Қаскелең қаласында тұрамыз» деп айтуға ұялады. Олар жарығы жағылмаған, жолы жасалмаған жерде тұру күн санап қиынға соғатынын айтты.

– Құдықтың суын ішеміз. Әрине, таза емес. Сол себепті де орталық су құбырына қосуды өтініп отырмыз, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Тамара Жүнісбекова.

Қала басшысының қарасын көрмейміз деген қалың жұрт әкімін іздеп, орталыққа барды. Бірақ мекемеге кіре алмады. Тек күзет көпшілікті көріп, есігін бекітіп алды. Мәселесін айтуға келген мұқым ел амалсыз ғимараттың артқы есігінен кіріп, жауапты қызметкерлерді ұзақ іздеді. Тек бір жарым сағаттан соң жұрт күткен әкім келді.

– Бұл көшенің проблемасы маған таныс, білеміз. Өткен жылдың аяғында тендерге конкурс болды. Нақты осы айда шешіледі. Мердігер бар. Істейтін адам бар. "Сол жерге жарық өткіземін, тас төсеймін" деген мекеме бар, – деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.

Қала әкімі Қаскелең қаласының жыл санап кеңейіп келе жатқанын айтты. Сондықтан 350-ден аса көшенің барлығын бірдей жасап, үлгермейтінін жеткізді. 

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында аманатқа қиянат жасалды