Апатты үйдің азабы: атыраулық тұрғындар баспана астында қалуға қорқады

elements.envato.com
elements.envato.com
Қалада тозығы жеткен 77 баспана бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесінде 70 жыл бұрын тұрғызылған екі қабатты тозығы жеткен баспананың тұрғындары апатты үйден зардап шегіп қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Үйдің көгеріп, сыз тартқан. Соның салдарынан тұрғындар жиі ауырамыз дейді. Бұл - қаланың қақ ортасында орналасқан Мұнайшы деп аталатын ықшамауданның тұрғындары. Ала таңмен тайлы-таяғы қалмай жиналған 40-қа жуық азамат амалсыздан, биліктен көмек сұрауға мәжбүр. Себебі, әбден тозығы жеткен үйде өмір сүрудің өзі мұңға айналды. "Күн сайын қабырғаның сыртқы сылағы қопсып, жаңа жарықтар пайда болады" деген олар шатырдың да жай-күйі алаңдатады дейді. Ала жаздай үйлері масаханаға айналған жұрт жауаптылардан бұл баспаналарды сүруді талап етіп отыр.

- Тұрып жатқан үйіміздің алды 1940-45 жылдары, арты 1930 жылы салынған. Жертөленің іші суға толы. Үйдің іші масаға толы. Қысы-жазы масадан арылмаймыз. Масаханада ұйықтаймыз. Жарамсыз үй ретінде оның сүрілуін талап етеміз. Қалған өмірімізді бір дұрыс үйде тұрғымыз келеді, - дейді Мұнайшы ықшамауданының тұрғыны Рауза Сүлейменова.

- Кезінде төбе жабындылары дұрыс жабылмаған. Барлық пәтердің төбесінен су кетіп жатыр. Жауынды күні подъездің кіре берісінен су сарқырап тұрады. Талай үй сондай күйде отырмыз. Жертөледе құбыр қыста жарылады. Авария болмай тұрмайды. Ескі құбырлардан кәріз суы шығады. Ауыз су құбырында да апат болып тұрады, - дейді Мұнайшы ықшамауданының тұрғыны Әлия Ахметова.

Мұнда тұратындардың дені - көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер. Үй ішін көк басқан соң, көпшілік ауру-сырқаудан көз ашпайды. Есік-терезені ашу да қиындап кеткен.

- Үйдегі балаларым көкжөтелмен жиі аурады. Өйткені пәтердің іші көгеріп жатыр. Жертөле суға толып тұрған соң маса басқан. Егеуқұйрықтар өріп жүр. Бүл үй апатты күйде тұр. Төбеден су кетіп жатыр. Қабырғалар үгітіліп, құлауға жақын. Ғимарат қайта жөндеуге келмейді.  Өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жасап та көрдік. Нәтиже жоқ, - дейді Мұнайшы ықшамауданының тұрғыны Максим Дәйкиев.

Ал жергілікті билік ел-жұрттың жайынан хабардар болса да, түк істей алмаймыз дегеннен әрі аспады. Айтуларынша, мұндай бейқамдық тұрғын үй қатынастарының заңына сәйкес екен. Қолдан келер шара жоқ деп қолды бір сілтегендер ендігіде инженерлік желілерді тұрғындардың өздері қалыпқа келтіруге тиіс дейді.

- Тұрғын үй қатынастарының екінші тармақта ортақ мүлік екені жазылған. Шатыр, жертөле, инженерлік желілер тікелей тұрғындардың ортақ мүлігіне жатады. Сондықтан халық өздері ақша жинап, өздері жасауы керек, - дейді Қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Жасұлан Мұқашев.

Мұнайшының жұрты талабымыз орындалғанша тынбаймыз деп отыр. Олар мәселемізді аудан әкімдігі шешіп бермесе, аймақ басшысының алдына барамыз дейді. Осы тұста айта кетейік, Атырауда апатты деп танылып, жағдайы мүшкіл боп тұрған үй жалғыз бұл емес. Қаланың өзінде мұндай 77 баспана бар.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Оқи отырыңыз: Ауру тарауы мүмкін: Маңғыстаудағы Басқұдық тұрғындары қоқысқа көміліп отыр

Новости партнеров