Отандық спортшы Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Боксшы өз мансабында тұңғыш рет жаһандық жарыста үшінші орынды иеленді. 50 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан спортшы жартылай финалда әлем чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді. Былғары қолғап шеберлерінің кездесуін Назымның ата-анасы мен жақындары Алматыда отырып, көгілдір экраннан тамашалады.
Назым Қызайбай ел қоржынына Олимпиаданың үшінші қола жүлдесін салды. Жартылай финалда жұдырықтасқан жерлесімізге түн ортасында жұрт жұмыла қолдау көрсетті. Ата-анасы, туған-туысы мен дос-жараны жанкүйер болды. Спортшымыз дүбірлі додадағы алғашқы екі кездесуін айқын басымдықпен жеңген еді. Тек өткен түнде қытайлық қарсыласына есе жіберді. Боксшының ата-анасы Олимпиададан алтын күткендерін жасырмады.
- Қытай қызынан жеңілсе де, мына қола жүлдеге ие боп отыр ғой. Оған да мың да бір тәуба, шүкір деймін. Олимпиадаға бару Назымның арманы еді. Енді бара салып, жеңіліп қалса, жаман күйде болатын еді, Құдайға тәуба, қола жүлдегер боп жатыр, - дейді Н. Қызайбайдың анасы Кәмшат Ахетқызы.
Ал таңертең Олимпиада жүлдегерлерінің тағы бір легі мінген ұшақ Алматы әуежайына қонды. Елімізге тарихи жеңіс сыйлап, жаһандық жарыста спорттық гимнастикадан күміс жүлде иеленген Нариман Құрбанов, сондай-ақ, нысана көздеуден қола алған қос отандасымыз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев елге оралды.
Ел үмітін ақтап, халықаралық аренада көк туды желбіреткен ұлттық құрама жүлдегерлерін жақындары, достары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері құрмет-қошеметпен қарсы алды. Рухты ән шырқалып, сарбаздар сап түзеді.
- Мен әлі де күміс жүлде иеленгеніме сене алар емеспін. Бәрі түсім сияқты. Әрине, қуаныштымын. Бұл жеңісімді елімізге арнаймын. Көптен күткен, тарихи жеңіс, - дейді Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов.
- Біраз уақыт тынығады. Одан кейін жарыстар күтіп тұр. Ал келесі жылы Олимпиаданың күміс жүлдегері екенін ұмытып, қызу дайындықты бастаймыз. Әлі бағындыруы тиіс белес көп, - дейді Н. Құрбановтың әкесі, бапкері Хусанжан Құрбанов.
Жаһандық жарыстың алғашқы күнінде Ислам Сәтпаев пен Александра Ле нысана көздеуден Олимпиадада қола иеленген еді. Ел қоржынына сонау 1996 жылдан бері алғашқы жүлдені сыйлаған мергендер де бүгін таңертең елге оралды.
- Осылайша, талмай жұмыс істеп, тек алға ұмтылу қажет. Алдымызда Америкада өтетін Олимпиада бар. Соған дайындаламыз. Шынын айтсам, мен бұл жүлдені алатынымызды білдім, күшімізге сендім, - дейді Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев.
- Қуанышымда шек жоқ. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз күллі әлемге қазақстандықтардың тек күшті емес, сондай-ақ мерген екенін дәлелдедік, - дейді Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле.
Айта кетейік, қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде бар. Ал жалпы командалық есеп бойынша еліміз 30-орында тұр.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Олимпиада чемпиондары Парижден елге оралды