Нұр-Сұлтанда бірінші топтағы мүгедекке тірі кезінде мемлекеттен берілген баспананы қызынан әкімдік тартып алмақшы. Арнамызға шағымданған елорда тұрғыны Жансая Кәденованың сөзінше, 9 жыл бұрын анасы өмірден өткеннен бері жергілікті билік баспананы босатуды талап етпепті. Керісінше ай сайын жалдау ақысын төлеп, ары қарай тұра беруге рұқсат берген. Алайда биыл қалалық тұрғын үй қоры онымен келісімшартты ұзартудан бас тартқан. Оның себебін Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек анықтаған болатын.
Елорда тұрғыны Жансая Кәденова 19 жасында анасынан айырылған. Содан бері ол марқұм анасына бірінші топтағы мүгедек ретінде берілген пәтерде тұрып келген. Бүгінде тұрмысқа шығып, осы үйде жұбайымен бірге екі кішкентай бала тәрбиелеп отыр.
«Олар маған тұра беріңіз, оқуыңызды аяқтап жұмысқа орналасқан соң, сіз осы пәтерді сатып аласыз деді. Біз бұл пәтерге кіргенде, пәтердің жағдайы нашар болған. Терезелерінен, қабырғаларынан жел соғып тұратын. Отбасылы болғаннан кейін ақырындап жөндеу жұмыстарын жүргізе бастадық», – қала тұрғыны Жансая Кәденова.
Жансаяның айтуынша, анасы тұрғын үй кезегінде болған және бұл пәтер оларға уақытша пайдалануға берілген. Бірақ «уақытша» екені еш құжатта жазылмаған. Осы жылдар ішінде ол ай сайын 14-15 мың теңге көлемінде жалдау ақысын төлеп отырдым дейді. Алайда, өткен жылдың соңында әкімдік онымен келісімшартты созуды тоқтатып, пәтерді босатуды талап еткен. Өйткені ол мемлекеттік қызметкерлерге арналған баспана болып саналады. Қалалық тұрғын үй қоры мамандарының айтуы бойынша, біріншіден пәтер кезегі келгенше тұруға берілген. Алайда анасы өмірден озғаннан кейін Жансая кезекті сақтап қалу үшін уәкілетті органдарға өтініш жазуы тиіс болған.
«Қызымен және отбасы мүшелерімен кезекті сақтап қалу үшін ешқандай амалдар жасаған жоқ. Ол кісі уәкілетті органға немесе ХҚО-ға өтінішпен бару керек еді. Бірақ ол кісі олай жасаған жоқ. Қазіргі таңда ол кісі кезекте тұрған жоқ. Екіншіден, бұл пәтер 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы тұрғын үй қорының балансына берілген. Тұрғын үй қорының балансындағы пәтерлер тек қана бюджеттік және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне беріледі», – деді қалалық «Тұрғын үй қоры» КММ заң бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абылай Махатов.
Бұл ретте заңгер Роза Бақтығалиеваның айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік қордағы жылжымайтын мүлікке барлық құқық, сондай-ақ баспана кезегі де оның қызына автоматты түрде ауысуы тиіс еді деп санайды.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша бірінші және екінші топтағы мүгедектер мемлекеттік тұрғын үй қорынан қайтарымсыз негізде тұрғын үй алады. Тиісінше, бұл құқықтар олардың балаларына өтеді»,– деді заңгер Роза Бақтығалиева.
Әкімдіктегілер отбасын бүгін-ертең далаға қуып шықпаймыз, дейді. Кәмелет жасына толмаған балалары болғандықтан жылыту маусымы аяқталғанға дейін пәтерді паналауға рұқсат бермек. Сонымен қатар, әлі де шешімнің күші енбегендіктен, 1 ай ішінде шағымдануға құқығы барын айтты.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы