Таразда бір айдың ішінде жылу бағасы 4-5 есеге дейін қымбаттап кеткен. Түбіртекті көріп төбе шашы тік тұрған тұрғындар телеарна тілшісіне хабарласты. Бағаның аспандауына не түрткі? Әкімдік пен мердігер бір-бірін сотқа сүйрейтіндей қандай жағдай орын алды? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает мәселенің мән-жайын анықтап көрген еді.
Бұл – Тараздағы тоғызыншы шағын аудан тұрғындарының шағымы. Бұқара қос бүйірден қысқан қысылтаяң шақта жылуға төленетін құнның бірден өсіп кеткенін түсінбей дал. Олардың пайымдауынша, осыдан тура 3 жыл бұрын көптің келісімінсіз орнатылған жылу есептегіш құрылғысы уақытына жетпей істен шыққан, дейді. Салдары төлем ақысын аспанға бір-ақ шығарған.
«Бізге ОДПУ дегенді құрған. Біз оны құр деген жоқпыз. Келді де құрды мұны. Оның мерзімі өтіп кетіпті. Біз оған ақша төлегенбіз. Енді тағы мерзімі өткені үшін, ақша жинайсыңдар дейді. Ақша ешкім бермейді. Не үшін төлейміз, үй жылымаса тағы? Жинамайды бұл 90 пәтер. Одан үйіміз мүлдем жылымайды. Суық болғанда масқара енді», – деді қала тұрғыны Адиша Елемесова.
90 пәтерлі тұрғын үйдің мәселесімен қалалық әкімдікке де бардық. Мамандар шынымен де орнатылған есептегіш құралдар мемлекеттік сараптамадан өтпегендіктен, жылуға төлейтін ақы шаршы метрмен есептеліп кеткен дейді. Ал, тексерістен мердігердің өзі өткізуі міндетті екен. Бірақ орындамаған. Сорақысы сол, мұндай мәселе қала бойынша ушыққан болып шықты. Себебі Тараз бойынша дәл осы есептеуіштердің 247-сі шамамен бір мерзімде орнатылған. Енді қазір барлығың шетінен мерзімі өтіп жатыр.
«Жертөледе тұрған жылу есептегіш құралдарының бәрі бұрынғыдай істеп тұр. Іс жүзінде жұмыстарын жасап тұр. Мемлекеттік тексеруден өту керек. Соны «КазПРомСервис» ЖШС өткізбей, қазір ол кісі үй қамағында отыр. «ТаразТрансЭнерго» МКК, Энергетика басқармасына және «ТаразЭнергоЦентр» АҚ халық арасында әлеуметтік шиеленіс тудырмау үшін счетчиг бойынша санап беруін сұрап, хат жолдадық», – деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің инспекторы Ғани Әлімбаев.
Қазіргі таңда халықтың қалтасынан қаққан мердігердің үстінен іс қозғалып, сот процесі жүріп жатыр екен. Ал, түйіткілді уақытша болсын шешу үшін жағалылар жылуға жауапты бірнеше мекемеге ұсыныс хат жолдағанын айтады. Егер олар келісімін берсе, халық жылу маусымының қалған уақытында төлемақыны бұрынғыша өтеуі мүмкін.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан