Елімізде бала күтімі бойынша жәрдемақы 1,5 жасқа дейін берілуі мүмкін

29.07.2022 в 23:46

Қазір аталған мәселе талқыланып жатыр

Елімізде бала күтімі бойынша бір жасқа дейін берілетін жәрдемақының мерзімі ұзаруы мүмкін. ОКҚ-де өткен брифинг кезінде "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Енді жәрдемақы қосымша жарты жылға дейін төленбек. 

«Біз әлеуметтік кодекс аясында бала күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартуды ұсынып отырмыз. Қордың қызметі әлеуметтік жәрдемақыны төлеумен ғана шектелмейді. Біз жалпы жүйенің, оның ішінде қаржы тұрақтылығын сақтауға жауаптымыз. Жалпы әлеуметтік міндет - ұзақмерзімді шаруа. Дегенмен дәл қазір бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау мерзімін ұзартуға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын», - деді Нұрсұлу Кемел.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жұмыс істемейтін әйелдер бала 1 жасқа толғанға дейін ай сайын 18-23 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады.

Бір реттік төлем көлемі - 38 АЕК. Ол барлық ата-аналарға табысына қарамастан, бірдей беріледі. Төртінші баладан бастап 63 АЕК төленеді.