Алматыда тәртіпті қайтадан қалпына келтіру бағытында үлкен істер атқарылуда – депутат

10.01.2022 20:11

Мемлекет және қоғам қайраткерлері халықты террористік топтардың арандатушылық әрекеттеріне бой алдырмауға шақырады

Almaty.tv

Мемлекет және қоғам қайраткерлері халықты террористік топтардың арандатушылық әрекеттеріне бой алдырмауға шақырады. Бұл ретте Мемлекет басшысы халықтың амандығы мен тұрақты тұрмыс-тіршілігін қорғау үшін дұрыс шешім қабылдағанын айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Азаттықтың алтын бесігі – Алматыда қайтадан тәртіпті қалыпқа түсіру бағытында үлкен істер атқарылуда. Сондықтан ел-жұртқа, тек қана алматылықтарға ғана емес, осы күндерде ауыр күнді бастан кешіп жатқан бүкіл Қазақстан еліне, барша өңірлердегі азаматтарға Алла сабыр берсін дегім келеді... Мемлекет басшысының бүкіл ойға алған мақсат-мұратының толық жүзеге асуы үшін халық та толқынысты сәттерге бой бермей, бала-шағасын, ағайын-туысын, ел-жұртын жанында ұстап отырып,  төтенше жағдайдың талаптарын орындай отырып, біз бірге жеңіске жетеміз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

«Қаралы күн жарияланды. Ол елді сабырға шақыру, елді ойға шақыру. Осы қаралы күнде әр азамат ойлануы керек. Қандай қиындықтар болса да, халқымызды біртұтастығынан айырмасын. Ортақ мүддеміз - еліміздің заман көшінен қалмай, дами беруі, Қазақстан азаматтарының амандығы. Мемлекетімізге тілейтін халқымыздың тілеуі де сол», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.