Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі айтты
Қоғам талқысына түскен тағы бір сот отырысы тікелей эфирде көрсетілетін болады. Ол – Қарағандыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне қол жұмсаған азаматқа қатысты іс. Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы бүгін Қарағанды қаласында өтті. Судья сотталушы мен оның қорғаушысының онлайн-трансляцияға қарсы шыққанын айтты. Бірақ сот істі тікелей эфирде жалғастыру туралы шешім қабылдады, тек БАҚ өкілдеріне айыпталушы мен оның адвокатын түсіруге тыйым салды. Сот отырысында алдымен сот-медициналық сарапшы сөз алды.
– Төреғали Берікқалиұлы жабық бас-сүйек жарақатын алған, есін жоғалтқан. Жәбірленушінің ұсақ сүйектері сынған, тері асты гематомасы бар, тыныс алу жолдарына зиян келгенін айта кету керек. Сондай-ақ кеуде қуысына зиян келгені байқалады, – деді сот-медициналық сарапшы Жанна Ахметова
Алайда сотталушы бұл қорытындымен келіспейтінін айтты. Мұндай жарақат алған адам күнделікті өмірін жалғастыра беруі мүмкін емес дегенді алға тарты.
– Мен сот сараптамасындағы есін жоғалту дегенге қарсымын. Себебі ол оқиғадан кейін жедел жәрдем жүргізушісі ТикТокта видео түсіріп, жаттығу залына барып, блогерлігін жалғастырып жүр. Егер есінен айырылған, бас жарақатын алған адам болса, ол залға бара алмайды, – деді сотталушы Нұрболат Дәкебаев.
Айта кетейік, жедел жәрдем жүргізушісі өзін соққыға жыққан жігітті алғашында кешіріп, кейіннен 5 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Іс «Бұзақылық» бабы бойынша қаралып жатыр.
Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: прокурор сотталушыға мінездеме берді