Бүгін Қуандық Бишімбаев ісі бойынша жарыссөз басталды. Түске дейінгі бөлімде мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптарға сөз берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар атышулы іс бойынша экс-министрдің әрекеттеріне қатысты ұстанымын білдіруі керек. Жарыссөзде алғашқылардың бірі болып прокурор пікір айтты. Айжан Аймағанова марқұм Салтанат Нүкенованың басындағы гематоманың көлемін көрсетті. Ұйыған қанды қолымен салыстыра отырып, Салтанаттың миы қысылғанын жеткізді. Артынша сотталушы Бишімбаевқа мінездеме берді.
– Мен мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Ақылы да, білімі де бар. Түр-әлпеті келіскен. Бірақ жүрегі жоқ. Осыған дейінгі сот отырыстарында қаншама рет жауабын тыңдап келдік. Ол кінәсін сезініп те тұрған жоқ. Керісінше, марқұмға күйе жағып, қаралап келді. Көзінен өкініш, жанашырлықты да байқаған жоқпыз, – деді мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова.
Сот жарыссөзінің екінші бөлімі де жарты сағат бұрын басталды. Жоспар бойынша енді айыпталушы тараптың өкілдеріне сөз беріледі. Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс-әрекеттердің саралануы, жаза тағайындау бойынша ұстанымдар айтылады.
Айта кетсек, жарыссөздің екінші бөлімі алқабилердің қатысуынсыз өтіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: мемлекеттік айыптаушының мәлімдемесі қатысушыларды таңдандырды