Мәжіліс ақпараттық қауіпсіздікке қатысты заңды мақұлдады

28.09.2023 в 01:03

Рұқсатсыз деректі жариялағандарға айыппұл салынады

Жеке деректері түрлі платформаларда тарап кеткен қазақстандықтарға SMS-хабарлама келетін болады. Яғни, адамның жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты мекен-жайы сынды ақпараттардың көпке жарияланып кетпеуін мемлекет бақылайтын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нақтырақ айтқанда, операторлар бұл туралы хабарлап отыруға міндеттеледі. Бүгін мәжілісмендер ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, ақпараттық жүйелердің осалдығын тексеретін «ақ хакерлер» пайда болуы мүмкін.

– «Ақ хакерлерді» мемлекет бақылайды және басқарып отырады. Олар деректер сақталған жүйенің осалдығын тексереді. Яғни, белгілі бір орган ақпараттық жүйе жасап шыққаннан кейін осы «ақ хакерлерге» оны бұзуға тапсырыс беріп, жүйенің сапасын тексереді. Бұл жұмыстың барлығы заң аясында жүргізіледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Цифрлық даму министрлігі мұндай бастаманы қолдайтынын айтты. Себебі қазақстандықтардың жеке деректері түрлі ботта тарап кетіп жатқан оқиға тіркелген. Ведомство бұл заң жобасын қабылдауды өтініп отыр.

– Өздеріңіз білесіздер, Getcontact деген қосымша бар. Ол – арам пиғылдылардың жеке деректерге тез қол жеткізетін қосымшасы. Қазір Қазақстанда бұғатталды. Адамдар туралы ақпарат таратқандарға қолданылатын жазаны да күшейттік. Рұқсатсыз деректі жариялағандарға айыппұл салынады, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков.