Қазақ тілін түсінетін Джамбо: Алматы хайуанаттар бағындағы жануарларға сұраныс артқан

26.08.2023 00:13

Соңғы 8 айда хайуанаттар бағы 90-нан астам төлмен толыққан

РСК

Алматы хайуанаттар бағы алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Мұндай бастама зообаққа сирек кездесетін жануарларды әкеліп, көбейтуге мүмкіндік береді. Соңғы 8 айда хайуанаттар бағы 90-нан астам төлмен толыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақша түсінетін бұл сусиыр – жас әке Джамбо. Хайуанаттар бағында биыл бегемот төлдеген жыл болды. Бұл – соңғы 18 жылда болмаған жайт. Израильден келген Джамбо мен Франция елінен әкелінген Лоттидің кішкентайлары Глория да – хайуанаттар бағының жаңа тұрғыны. 

Сондай-ақ, алматылықтарды тек сусиырлар емес, Пурга атты ақ аю да құшақ жая қарсы алады. Ол біздің баққа Ресей елінен әкелінген. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, өзге елден аң-құс әкелу оңай шаруа емес.

– Ақ аюды көруге келетіндердің қатары көп. Біз оны аламыз дегенде, бірқатар шарт қойды. Мәселен бассейннің ұзындығы 15 метр, ал ені 10 метр болуы керек. Сондай-ақ жаздыгүні желдеткіш қажет. Барлық жағдайды жасауға тырыстық. Содан кейін аюды табыстады, – деді  Алматы хайуанаттар бағы халықаралық бөлімінің меңгерушісі Айман Едігебаева.

– Зообақ пен аквариумдар қауымдастығының қолдауымен биыл Ресейден ақ аюды тегін алдық. Израильден 3 зебра, 2 амур жолбарысын, шимпанзе тегін келді, – деді Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.

Хайуанаттар бағының мамандарының айтуынша, елдегі зообақ жануарларына да қызығушылық танытатындар аз емес. Шетелдіктер тарапынан, ақбөкенге сұраныс көп.

– Жақында ұларды, дуадақты келді. Швециядан келгендер жергілікті фаунаға, атап айтқанда ақбөкендерге қызығушылық танытып, сұраныс жасап жатыр, – деді Алматы хайуанаттар бағы тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі Балабек Мақатов.

Алдағы уақытта бақ аумағында «Африкалық саванна», «Арктика», «Тропикалық жұмақ», «Мадагаскар», «Қазақ даласы» кешендерінің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, жаңа ветеринарлық клиника, жабайы жануарларды реинтродукциялау орталығы бой көтереді.

– Былтыр көлшіктердің құрылысы бітті. Хайуанаттар бағында төрт көлшік бар. Оның біреуі үлкен, үшеуі – шағын көлшік. Оның ішіне су тазалағыш тоғандар орнатылған. Аңдарға ас дайындайтын арнайы ас бөлімі болады. Қазір салынып жатыр. Онда көкөніс сақтайтын қойма болады, – деді Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.

Айта кетейік, Алматы хайуанаттар бағы өзінің 85 жылдық тарихында 200-дей жан-жануардан тұратын шағын бақтан әлемдегі ең ірі хайуанаттар бағының біріне айналған. Мұнда аң-құстың 350-ден астам түрі бар. Зообақ қызметкерлері 2025 жылға дейін олардың санын ұлғайтуды көздеп отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Арғымақ мінген арулар»: шабандоз қыздар көпшілікті тәнті етті