Президент Екібастұздағы жылу электр орталығын жөндеу жұмысымен танысты

09.08.2023 20:13

Тоқаев былтырғы қыста болған оқиға қайталанбауы керек екенін айтты

Ақорда


"Шыдамның да шегі бар". Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылу электр орталығындағы жөндеуді уақытылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Бұл жұмыс бақылауымызда болады" деген ол, шенеуніктерден маңызды жоспарға асқан жауапкершілікпен қарауды талап етті. Сондай-ақ өңірдегі жұртпен жүздесіп, былтыр аязда стансадағы апат кесірінен бүрсең қаққан Екібастұз жұртына қиын-қыстауда танытқан сабырлық үшін алғыс айтты.

Президенттің Павлодар өңіріне сапары Екібастұздағы жылу электр орталығынан басталды. Есте болса, былтыр 27 қарашада стансада құбырлар ажырап, салдарынан қазандықтар істен шыққан. Тозған жүйе бірінен соң бірі тоқтап, тұрғындар қытымыр қыста жылусыз қалған-ды. Бүгінде дәл сол орталықтағы жөндеу жұмысымен танысуға келген Мемлекет басшысы мұндай төтенше жағдайдың тағы қайталануына жол бермеу үшін жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

– Бұл жұмыс бақылауда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешім қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы орамішілік және магистральдық желілердің жылыту маусымына дайындығын да тексерді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылған. Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,5 шақырымдай жылу магистралі жаңартылып жатыр. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, Екібастұздағы апатты жағдайдың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру аса қажет. Бұл қаланың төрт шағынауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынына жылу беру қарқынын жақсартатын көрінеді.


– Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Екібастұз тұрғындарымен кездесу кезінде Үкіметке тиісті тапсырмалар берілгенін, қажетті қаражат бөлінгенін айтты. Президент жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді. Енді Мемлекет басшысы қыркүйек айында жарияланатын Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық саясаты туралы өзінің көзқарасын баяндауды жоспарлап отыр.

Оразай Нұртайұлы, Алмат Ілиясов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді