Қауіпті көпір: саяжайдан шығатын жалғыз жол қашан салынады

Almaty.tv
Almaty.tv
1952 жылы салынған көпірдің асты басылып, шеті құлап жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жүруге болады, бірақ кез келген сәтте опырылып кетуі мүмкін». Алматының Медеу ауданындағы көпірдің бірі судың ағысына шыдамай қирап жатыр. Талғар жақтан аққан өзеннің ағыны күшейгелі, өткелдің түгі қалмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көп жыл бұрын салынған көпірдің асты басылып, шеті құлап жатыр. Өткелден күнде өтетін мұндағы тұрғындар үшін саяжайдан шығатын жалғыз жол – осы.

– Төмен жақта егістік алқабы, ар жағында Үлкен Алматы арнасы жатыр. Одан өте алмайсың. Басқа амал жоқ, осы жермен жүріп жатырмыз, – дейді қала тұрғыны Нұрлан Сүгірдіжанов.

– Жедел жәрдем шақырсақ, келмейді. Жеңіл көлік өте алмайды. Адамның өзі қорқып, әрең жүреді. Кез келген сәтте су тасып, көтеріліп, шайып кетуі мүмкін. Шетінде тұрудың өзі қауіпті, – деді қала тұрғыны Эльмира Нұртазина.

Ағысы қатты өзеннің кесірі жалғыз көпірге ғана емес, тұрғындар тұтынып отырған ауыз су құбырына және жағадағы ағаштарға әсер етіп жатыр. Енді тұрғындар газдың құбыры құлап кете ме деп қорқып отыр.

Көпірі қираған мекен Алматының Медеу ауданына қарайды. Алайда өзен жанындағы халықтың өзекті мәселесін суды пайдаланып отырған шаруашылықпен айналысатын мемлекеттік мекеме шешпек.

– «Цыганка» каналы жағы біздің теңгерімізде. Суару мерзімі егістік алқаптары бойынш ақыркүйекте азаяды. Сол кезде біз көпірді толық қолға алып, жан-жағын бетондап, үлкенірек қылып, биіктігін 1,5 метр етіп, судың өтуін ыңғайлы жасап, салайық деп отырмыз, – деді  «Талғарирригация» шаруашылық жүргізу құқығындағы су шаруашылығы МКК директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ерғалым Қасымбаев.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, көпір құрылысының жоспары бар, қажетті материалдар алынған. Анықталғандай, тұрғындардың тыныштығын қашырған арна 1952 жылы алқаптарды суару үшін салынған екен.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Талдықорғанда 4 жасар бала бассейнге батып кетті

Новости партнеров