Жамбылдық полицейлер жүргізушілерді сергітудің тың тәсілін тапты

16.07.2024 20:15

Ресми статистикаға сүйенсек, көлік апатынан 87 адам бақилық болған

Almaty.tv

Жамбыл облысында жыл басынан бері 768 жол апаты болған. Ресми статистикаға сүйенсек, көлік апатынан 87 адам бақилық болған. Ал 1184 жолаушы түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Автокөлік апатының басым бөлігі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тасжолында болады. Мәселен жарты жыл ішінде 126 жол-көлік оқиғасы болып, 38 адам қаза болған. Ал 270 жолаушы жарақат алған. Сондықтан полиция департаменті тас жолдардағы полиция жасағын көбейті. Олар жүргізушілер жолда бекітілген жылдамдықты асырмауы үшін республикалық маңызы бар тас жолдарда жүйткіген көліктердің алдын тежеп жүр.

- Жамбыл облысы аумағында жол-көлік оқиғасының 67,5 пайызы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолында болып жатыр. Оның 450 шақырымы Жамбыл облысына тиесілі. Сол себепті жол-көлік оқиғасын алдын алу үшін патрульдік полиция батальоны жеке құраммен, екі ауысымда 12 автоэкипаж ілесіп алып жүру іс шарасын жүргізіп жатыр, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Оразбақов.

Құзырлы орган қызметкерлері жол көлік оқиғалары негізінен таңғы сағат 4:00 мен сағат 6:00 аралығында болатынын айтты. Себебі түнде жолға шыққан жүргізуші, таңсәріде автокөлікті ұйқылы-ояу басқарады. Сондықтан полицейлер күн ұясынан шықпай, жолды торып жүр. Онысы - жүргізушіні жазалау емес, халін сұрап, апаттың алдын алу үшін ескерту.

– Әрдайым жолда жүреміз. Шаршаймыз, соған байланысты профилактика жұмыстарын жүргізеді. Тоқтатып, ескертеді. Бұл   жол қауіпсіздігін сақтау үшін атқарылып жатқан шара, – деді көлік жүргізушісі Ерболат Балабек.

Жамбылдық полицейлер жүргізушілерге салқын су құйып жуындырып жүр. Бұл – сергітудің тың тәсілі. Соның нәтижесінде автокөлік апаты азайып жатқан көрінеді. Құзырлы орган қызметкерлері жүк көлігі мен жолаушы тасымалдаған шағын автобус тізгініндегілердің жағдайын жасауда. Іс-шара алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Петропавлда 3 жастағы қызды көлік қағып кетті