Бұралқы иттер талаған: Маңғыстау облысында асыл тұқымды ешкілер қырылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ешкінің саудада бағасы 400 мың теңгеден басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда Батыр ауылында бірнеше жылдан бері асыл тұқымды ешкімен шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер бір түнде қыруар шығынға ұшырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нақтырақ айтсақ, құны қымбат 40-қа жуық ешкісін қаңғыбас иттер талап кетіпті. Ал шала жансар күйдегі санаулы уақ малды азамат сойып үлгерген. Енді нәпақасын ешкінің өнімінен тауып отырған бүтін бір отбасы иттің де көзін құрта алмай, шарасызбыз дейді. Себебі, итке тиісуге болмайды деген заң бар.

Құмар Нұрпейісова оқиға болған күнді қорқынышпен еске алады. 29 шілдеде таңғы сағат 06:00 шамасында ешкі қамайтын қораға келсе, қырыққа жуық сексек ата тұқымы әр жерде жатқанын көріпті. Барлығы да жансыз. Ал кейбірі келесі қораға өтіп аман қалған. Шаруа иесі 5 бұралқы иттің ауыл ішіне қарай қашқанын көріп, соңынан еріпті. Жеткізбей кетті дейді.

«Бәрін тек мойнынан тістеп, қырып кете берген. Ешқайсын жемеген. Ішінде бір ешкінің қарнын жарған. Қалған бәрінің тек мойнын тістеп кете берген. Осы ешкілерді «Нұр Капитал» бағдарламасымен 6 млн теңгеге алдырғанмын. Несиенің 7 ай төлейтін уақыты қалды», - дейді шаруашылық иесі Құмар Нұрпейісова.

Қырылып қалған ешкілердің ішінде асыл тұқымды жануарлар арасында көрмеде жүлделі болған төлі де бар. Құны қымбат ешкінің саудада бағасы 400 мың теңгеден басталады. Енді шығынды есептей беріңіз, 40 бас ешкінің құны шамамен 15 млн теңгеден асады. Кәсіпкер шаруашылықты қолға алған кезде несие алыпты, енді қарыздан құтылуға санаулы айлар қалғанда банкротқа ұшырадым дейді. Ал қолында қырылып қалған ешкілер күніне жоқ дегенде 50-60 литр сүт беріп тұрған. Ол өнімнен қаймақ, ірімшік дайындап, отбасын асырап қана қоймай, несиесін де жауып отырыпты. Енді Құмар Нұрпейісова не істерін білмей дал болып жүр.

«10 жыл болды осы кәсіппен айналысып жатқанымызға. Ақтау, Мұнайлыда ауырып жатқан кісілерді, кішкентай балаларды, құрт, ірімшікпен, қаймақпен қамтамасыз етіп отырдық. Осы кәсіппен бір отбасыны, 9 адамды асырап отырмыз. Маған осы шаруаны қайтадан өндіріп беруге көмек берсе деп отырмын», - дейді шаруашылық иесі Құмар Нұрпейісова.  

Оқиға болған күні әкімдіктен мамандар келіп, шығынды есептеп, хаттама толтырып, әр ешкіні суретке түсіріп кеткен. Содан бері үн-түнсіз дейді шаруа иесі. "Шыққан шығын өтеле ме?" деген сауалға жауап таппай, әкімдіктің де, кәсіпкерлік бөлімінің де есігін қағыпты.

«Ол бойынша ауылшаруашылық бөлімі тарапынан және Батыр ауылдық округі мамандары және ветеринарлық станция бөлімі тарапынан хаттама жасақталып, тиісті басқармаға шара алу бойынша хат жолданды. Аталған кәсіпкерлік шаруа қожалығын қолдау мақсатында облысымызда «Бір ауыл-бір өнім» бағдарламасы аясында берілетін 5 млн грантқа қатысуға ықпал жасап жатырмыз», - дейді Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаев.

Құмар Нұрпейісова - кәсіптің көзін тапқан жан. Асыл тұқымды ешкіні қалай баптау керек екенін де біледі. "Жергілікті билік қаржылай қолдау білдіріп, шығынымды өтеп берсе, ешкі басын көбейтіп, көпшілікті сүт өнімімен қамти беремін" деп отыр. Әзірге ақшаның жоқтығы қол байлау болып тұрғанын айтады. Ал пайызбен несие алғысы келмейді. Себебі бірінші алған қарыздан құтылу керек.  

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, Алматы телеарнасы

Новости партнеров