Қазақстанда архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтайтын жаңа ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғабидолла Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Архивист мамандығына осы уақытқа дейін жіті көңіл бөлінбей келді. Оның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан да аз назар аударылды. Қазір біз е-архив жаңа ақпараттық жүйесін енгізудеміз. Оның негізінде барлық мемлекеттік органдардан деректер базасы және электрондық архивпен жұмыс істей алатын жоғары білікті IT-технологияларды меңгерген мамандардың жұмыс істеуі талап етіледі. Себебі Мемлекет басшысы Жолдауда архив қызметкерлерінің жалақысымен қоса біліктілігін де арттыруды міндеттеді. Жалпы архив жұмысын заманауи түрде ілгерілетудегі маңызды бағыттың бірі оны цифрлық форматқа ауыстыру. Яғни, барлық құжаттарды электронды форматта сақтауымыз қажет»,– деді Ғ. Әбдірахманов.
Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысы шетелдегі елімізге қатысты архив құжаттарын зерттеуді тапсырғанын айтты.
«Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, арнайы кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында біздің мамандар шетелдік мұрағаттарға барып, ондағы құнды құжаттармен танысып жатыр»,– дейді ол.
Бұған дейін Ғ. Әбдірахманов келесі жылдан бастап архив қызметкерлерінің жалақысы өсетінін мәлім етті.