Сарбаздардың өліміне тек әскер ғана кінәлі емес. Осылай деген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ең алдымен жастардың неліктен өз-өзіне қол жұмсайтынын анықтап алу қажет деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, қазір арнайы комиссия құрылып, оның құрамына жетекші психологтар, әлеуметтанушылар, жастардың мәселелерін жақсы білетін журналистер, блогерлер енгізіледі. Министрлік армияда өлімдердің жиілеп кеткен себебін зерттемекші.
«Біз ең алдымен жастардың өз өзіне қол жұмсауының себебін анықтауымыз керек. Мұндай жағдайға тек әскер кінәлі емес. Ол әскерде болғаннан кейін оның өмірі үшін жауапкершілік командирдің мойнында, әрине. Бірақ адам азаматтық қоғамнан әбден жетіліп, бізге өз проблемаларымен келіп отыр ғой», – деді ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.