«Альфонс жігіттің тағдыры». Осындай атаумен журналист Бибігүл Дәулетбекқызының алғашқы кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Автордың айтуынша, хикаят бүгінгі қазақ қыздарының тағдыры мен жатыпішер жігіттердің қулығы туралы. Журналист «Альфонс жігіттің тағдырын» қолына алған әр оқырман өзіне керегін ала алатынына сенімді. Ал кітапты жазуға алаяқ жігіттің құрбаны болған құрбысының тағдыры түрткі болыпты.
«Өмірден алынған оқиға. Қазір менің оқырмандарымның арасында оншақтысы жылап отыр. Менің мақсатым – қазақ қыздары алданып қалмаса екен. Өйткені, біздің қыздарымыз өте аңғал, аңқау келеді. Негізі, алдап отырған басқа ұлттың жігіттері емес, өзіміздің қазақтың жігіттері. Сондықтан әрбір қазақ жігітіне айтатыным, бір қызға барған кезіңізде сіз өзіңіздің туған анаңызды, туған әпкеңізді, қарындасыңызды, әжеңізді көз алдыңызға елестетіңіз де, ана қызға да сондай көзқараспен қарасаңыз, бәрі керемет болады», – дейді журналист Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ.
«Психологиялық тұрғыдан алатын болсақ, бұл – індет. Біздің халқымызда ондай адамдар, яғни алаяқ жігіттер болмаған. Жалпы, сондай жаман нәрселердің көбеюіне ғаламтордағы ашық ақпараттың көптігі, еш цензураның жоқтығы себеп болып жатқан сияқты. Ал қазақ жігітінің альфонс болуы әйел адамдардың өзіне байланысты. «Альфонс жігіттің тағдыры» деген кітаптан күтетінім – өсіп келе жатқан жас қыздарымыз кітапты оқу арқылы қателікке бой алдырмаса, қайталамаса екен деймін», – деп пікір білдірді психолог Күлмаш ЕЛШІБАЕВА.