Алматы облысының полиция қызметкерлері Түрген ауылында аязда далада қалдырылған сәбидің анасын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 12 ақпан күні болған. Түрген ауылындағы көшелердің біріндегі шарбаққа белгісіз біреу жаңа туған сәби салынған полиэтиленді пакет іліп кеткен. Үй иесі пакет ішінен жұқа матаға оралған шақалақты тауып алып, жедел жәрдем мен полиция шақыртқан.
Алматы облысы ПД аталған деректі растап отыр. Және табылған баланың анасын іздестіру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны хабарланды.
«Полиция қызметкерлері тауып алған сәбидің анасын анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 199 «Қауіптілікте қалдыру» бабына сәйкес сот алды тергеу жүргізілуде. Іс Еңбекшіқазақ ауданының полиция қызметкерлерінің өндірісінде», - деп хабарлап отыр облыстық ПД баспасөз қызметі.
Есік перзентханасының дәрігерлері баланың жағдайы орташа деп отыр.
«Қыз баланың салмағы 2 500 грамм, бойы 49 сантиметр. Аурханаға түскен күні жағдайы нашар болды. Дене қызыуы 34 градус еді. Әбден тонған. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір жағдайы орташа. Қажетті емдерін қабылдап жатыр», – дейді дәрігер Гүлнар Мамырбекова.
Сондай-ақ дәрігерлер баланың құжаты әзірленіп жатқанын, дайын болғаннан кейін оның Шелек аудандық балалар үйіне жіберілетінін мәлімдеді.