Көрші мемлекеттте мобилизация жарияланғалы бері 200 мыңнан астам ресейлік Қазақстан аумағына кірген. Оның 147 мыңы біздің елден кетіп қалыпты. Ішкі Істер министрі Марат Ахметжанов шекарадағы жағдайдың бақылауда екенін айтып, ондағы жұмыс бірқалыпты жүріп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ведомство басшысы көрші елде ішінара жұмылдыру басталған кезде өткізу пунктерінде ұзын-сонар кезектің болғанын жасырмайды. Сонымен қатар, Ресей осы уақытқа дейін өз азаматтарын қайтару туралы хат жолдамаған екен. Соңғы күндері көрші мемлекеттен келетіндер айтарлықтай төмендепті.
«Мысалы кешегі күнге алатын болсақ, 7 мыңнан аса Ресей азаматтары біздің мемлекетімізге кірді. 11 мыңға жуығы шығып кетті. Сондықтан иә, келіп жатқан, шығып жатыр. Ол жерде миграциялық бақылау бақылауда, бәрі», – деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Ал Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, 21 қыркүйектен бері Ресейден Қазақстанға келген 70 мыңға жуық азамат халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жеке сәйкестендіру нөмірін алған. Мусин бұл жеке сандардың шетелдіктерге не үшін керек екенін түсіндіріп берді.
«Шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірі азаматты бақылап отыру үшін қажет. Яғни, жеке дара сандар оның тіркелуін, мемлекеттен шығып кетуін, заң бұзушылықтар болса, соны тіркеу үшін қажет. Тек банк картасын алып, ойына келгенін істеп жүре алмайды. Сондықтан біз әр азаматты бақылап отыруымыз қажет», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.