Аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Иманов ержүрек жігітті жеке құрамның атынан алғыс хатпен марапаттады
Қостанай облысында Жітіқара полицейлері колледж студенті Темірлан Әбдіғалиевті марапаттады. Ол терезеден құлаған кішкентай баланы қағып алған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Темірлан Ақтөбе медициналық колледжінде оқиды. Сол себепті марапаттау рәсіміне келе алмады.
«Үйде шәй ішіп отыр едім. Көрші үйдің терезесіне кішкентай бала шығып кеткенін көріп қалдым. Күртемді кие сала, сол үйге қарай жүгірдім. Жақындап қарасам, бала қорыққаннан дірілдеп тұр. Бір кезде құлап кетті. Мен оны қағып алдым. Сәбидің үреймен қараған көзі есімнен кетпейді. Баланың жерге құламағаны жақсы болды. Ол жерде асфальт болған», - дейді Темірлан.
Батыл жігіт үшінші қабаттан құлаған сәбиді аяғынан қағып алыпты. Бала екінші аяғын жерге соғып ұрып алған. Дегенмен ауыр жарақат болмаған.
Аудандық полиция бөліміне оның анасы Анар Шакуова келді. Бөлім басшысы Болат Иманов ержүрек жігітті тәрбиелеген ананың еңбегін ерекше атап өтіп, жеке құрамның атынан алғыс хат табыстады.