Алматыда соңғы уақытта су және кәріз құдықтарында қауіпсіздік ережелерін ескермегендіктен, газдан улану деректері жиі тіркеліп жатыр. Сол себепті «Алматы-су» арнасының мамандары қала тұрғындарына қауіптің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәріз құдығына түспес бұрын міндетті түрде газанализатормен ауаның құрамын өлшеп алу керек. Арнайы құрылғы 4 пайыздан жоғары көрсеткішті көрсетсе түспеген абзал. Себебі адам 10 минуттың ішінде өліп кету мүмкін.
Мамандар әуелі Алмалы ауданының тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйлерді аралап шықты. Ал, көпшілік қарапайым құдықтың адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін білмейді екен. Сондықтан да техникалық қауіпсіздікті үйретіп жүрген қызметкерлерге өздерінің алғысын білдірді.
«Бәріне рақметімді айтқым келеді. Осындай жұмыстардың арқасында құдыққа тек бір адамның түсуге болмайтынын және зиянды газ қалдықтары барын білдім», – деді қала тұрғыны Сергей Захаров.
«Мен осы көшеде тұрамын. Шыны керек, техникалық қауіпсіздікті мүлде білмеймін. Мамандардың арқасында аз да болса мәлімет алдым. Егер құдыққа түсетін жағдай болып жатса, бірден мамандарға хабарласып, кеңес сұраймын», – деді қала тұрғыны Виктор Шушаков.
Айта кетейін, былтырдан бері кәріз және су құдықтарына 6 мыңнан астам темір тор орнатылған. Себебі бұлардың ішінде адам өміріне өте қауіпті метан, пропан, амиак секілді улы газдар болады. Ал, оларды тазартудың түрлі әдістері бар дейді.
«Солардың алдын алу үшін біз газанализатор құралдарын пайдаланымыз және оларды желдету әдісі арқылы тазалаймыз. Осындай арнайы кәріз құдықтарын жуатын машиналар бар. Су желісіне қарағанда кәріз құдықтарына түсуге мүлде болмайды», – деді «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инженері Берекет Жұбанышов.
Еске салайық, жақында ғана жанармай бекетінің 3 қызметкері техникалық қауіпсіздікті ескерместен құдыққа түсіп, газдан уланып қалған еді.
Мерей Қанапиянов, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы