Бүгінде Наурызбай ауданының 70 мыңға жуық тұрғыны су тапшылығын сезініп отыр
Екі жылдың ішінде Наурызбай ауданы ауыз сумен толық қамтылады. Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өткен жылы тұрғындармен кездесуінде осы мәселе көтеріліп, аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктелген еді. Тұрғындарды мазалаған тағы бір түйткіл – мектеп пен ойын алаңдарының тапшылығы да шешіліп жатыр, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде Наурызбай ауданының 70 мыңға жуық тұрғыны су тапшылығын сезініп отыр. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев халықпен кездескен кезде дүйім жұрт осы мәселені алдымен айтқан еді.
Блиц:
– Бізді су мәселесі мазалайды. Судың сапасы өте төмен.
– Судың құрамы тым нашар. Сын көтермейді. Ішуге де, шомылуға да жарамсыз.
– Жаздың аптап ыстығында су жетіспейді. Тіпті жоқтың қасы.
– Біз Наурызбай ауданына көшіп келгенімізде, су мен жарық көзі балансқа кірмей қалған. Осы су мен жарық мәселесін шешіп берсе деп сұраймыз.
Ескерусіз қалмаған бұл өзекті шаруаның бүгін жобасы жасалып, құрылысы басталды. Ауданда шаһар басшысының тапсырмасы бойынша «Қарғалы» су тазарту қоймасы салынып жатыр. Келесі жылдың аяғына дейін осы жұмыстың бәрі толыққанды атқарылып, халықты ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету көзделуде.
«Қарғалы су жинау стансасы. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, құрылыс басталды. Келісім шартқа осы мамыр айында отырдық. Алла бұйыртса, биыл салынатын ең ірі құрылыс. Бұл жерде реогенттік бөлім – суды химиялық жолмен тазалау. Одан кейін суды тұнықтыру бөлімі бар. Одан кейін су сүзгілеуден өтеді. Осы 3 шартты өткеннен кейін ғана, ары қарай біздің резервуарға түседі. Одан халықты сумен қамтамасыз етеміз», – деді Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет МАСАЕВ.
Бұл шаруаға республикалық бюджеттен 6 млрд 680 млн теңге қаржы бөлінген. Биыл соның 2 млрд жұмсалмақ. Демек, ұзақ жылдар қордаланған мәселелер енді толық шешімін табады.
«10 шағын ауданда су және кәріз желілері жоқ. Соның 6 шағын ауданында қыстан бері жұмыстар басталды. Қалған 4 ауданның жұмыстарын биыл бастаймыз. Оның 2 жылдық жобасы бар. Биыл осы 6 ауданды бітіреміз деп жобалап отырмыз», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.
Қала әкімінің халықпен кездесуінде білім беру мекемесіне қатысты сұрақтар жиі көтерілген болатын. Әсіресе тұрғындар №186-мектептегі мәселе қатты алаңдатады деген.
Блиц:
– Ақжар шағын ауданының тұрғындарының атынан айтып отырмын. Айманов көшесінде орналасқан №186 мектеп – ескі мектеп. Бұл мектепте дәретхана жоқ. Қыстыгүні жаңа мектепке ары бері жүгіріп жүру, бастауыш сынып оқушыларына қиындық туғызады.
Көп күттірмей бұл істе де біржақты етілмек. Ілім ордасында оқушылар үшін бар жағдай жасалып, орын жетіспеушілігі шешіледі. Енді жапсарлас салынып жатқан ғимарат қолданысқа берілсе, 600 балаға орын тиеді.
«Ол толықтай спорттық блок, үлкен спорт зал. 59 орындықпен трибуна түгел қамтамасыз етілген. Мына жерде 5-блок болады. Одан кейін 353 орынға арналған асхана бар», – деді Мердігер компанияның бас инженері Роза НҰРҒАЛИЕВА.
2020 жылы Наурызбай ауданында бас-аяғы 6 ойын алаңы халық игіліне беріледі. Оның үшеуі «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасы аясында қаржыландырылады. Мұның бәрі наурызбайлықтардың қала әкімімен кездесуінде мектеп пен ойын алаңдарының жетіспеушілігін айтқаннан кейінгі атқарылған істің нәтижесі.
Блиц:
– Бізде ол жерде жас балалар, кішкентай балалар көп. Балалар ойнайтын жер қарастырса бола ма екен?!
– Бүлдіршіндерге арнайы әткеншектер салынған. Көңіліміз толмай жатыр. Себебі ұзақ уақытқа шыдамай қирап жатыр.
– Мүмкіндік болса, балаларымызға кең ойын алаңы салынса екен.
«Бюждет қатысу» дейміз, халықтың өзі таңдаған жұмыстар бар. Оған 138 млн теңге бөлінді,енді жұмыстар басталды. Бұл – спорт алаңдарын, ойын алаңдарын салу. Одан бөлек, аудан аумағында 2 жаңа мектеп салынып жатыр. 2 жаңа балабақшаның құрлысы басталған. 2 мектепте кеңейту жұмыстары жүріп жатыр», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.
Кездесуде айтылған сұрақтар шешімсіз қалмады. Осылайша, биыл Қалқаман ықшамауданында 1200 орындық, Шұғылада 1500 балаға арналған мектеп салынады. Жасалып жатқан жұмыстың барысын шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев өзі қадағалап отыр.
Сая Меңдеке, Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, Ғани Қалуов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы