Қазақстанда жыл сайын 16 мыңға жуық адам түрмеден шығады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір жыл бұрын жазасын өтеп шыққан Александр Бесбаевтың айтуынша, сотталғандардың түрмеден шыққаннан кейін туындайтын мәселесі аз емес. "Мемлекет тарапынан қолдау жоқ" дейді. Ел қатарлы жұмыс істеу мүмкін емес.
Бұл – жалғыз Александр емес, жазасын өтеп шыққан азаматтың бәріне ортақ мәселе.
– Түрмеден шыққан соң түрлі әлеуметтік нысанға барып, көмек сұрайды. Ол жерден жолдама алып, жұмыскер қажет деген мекемеге барады. Айлап жүріп, құжатты жинап бересің. Үміт қой. Бірақ ең соңында «соттылығың бар екен» деп шығарып салады. Бұл – өте өзекті мәселе, сондықтан түрмеден шыққандарға тиісінше қолдау көрсету керек, – деді жазасын өтеген азамат Александр Бесбаев.
Абақтыдан шыққан соң өзі де осындай жағдайға тап болған Александр жергілікті техникалық байқау станциясынан жалға орын алып, автокөліктерді жөндеп, әрлеумен айналысады. Өңірде жазасын өтеп шыққандарды немесе пробациялық есепте тұрғандарды қоғамдық өмірге бейімдеумен айналысатын орындар бар. Түрлі іс-шара ұйымдастыру арқылы азаматтарға тегін кеңес беретін бірлестікте әзірге кәсіби дағдыны қалыптастыру қарастырылмаған.
– Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан және пробациялық есепте тұрғандар тұлғалармен кешенді оңалту жұмыстары жүреді. Ұлттық және отбасы құндылықтарын ілгерілету бойынша спорттық іс-шаралар жүргізіледі. Басты мақсат – оларды қоғамға бейімдеу. Тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіледі, – деді «Ұлытау жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Сейтпеков.
Жазасын өтегендердің жайын айтып мансап орталығына жүгіндік. Олар пробациялық есепте тұрғандарды тұрақты жұмыспен қамтимыз деп отыр. Түзеу колониясынан шыққандарға бірнеше бағытта қолдау көрсетіледі. Мәселен мамандығы жоқтар дәнекерлеуші, көше сыпырушы, слесарь-сантехник сынды квоталық жұмысқа ұсынылады. Бірақ бұл ұсынысты бәрі бірдей қабылдай бермейді.
– Тұрақты жұмыстан бөлек жүгінгендер мансап орталығы тарапынан мемлекеттік субсидияланатын жұмыс орындарына бара алады. Биыл осы бағытта 10 адам жүгінді. Оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемесінен шыққан 2 азамат және пробациялық есепте тұрған 7 азамат жолдама алды. Көп жағдайда ол кісілердің қолында құжаты болмайды. Болған жағдайда мамандықтары сәйкес келмейді. Сондықтан да қиындық туғызады, – деді Сәтбаев қалалық мансап орталығының басшысы Айнұр Ағаділова
Мансап орталығы бос орындар жәрмеңкесін жылына 10 рет өткізеді. Соның нәтижесінде жоқ дегенде 30 азамат соттылығы болса да, жұмысқа орналасады. Бірақ салыстырмалы түрде бір жылда мұнша адамның ғана мансап бастауы – тым аз көрсеткіш.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Кеншілерден ақша бопсалаған қылмыстық топтың тағы 8 адамы ұсталды