Тыйым салынған жерде шомылғандарға айыппұл салынды

20.07.2023 20:18

Алматыда жүзуге рұқсат етілмеген 44 су қоймасы бар

Аlmaty.tv

Елімізде жаз басталғалы аптап ыстыққа шыдамай, тыйым салынған жерлерге шомылатындар көбейген. Биылдың өзінде қауіпсіздікті сақтамай, суға батып қаза тапқандардың саны 60 адамға жетті. Осыған байланысты Алматы қаласында шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге тексеріс жүргізіліп, тұрғындарға ескерту жасалды. Заңды елемегендерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Алматыда жүзуге рұқсат етілмеген 44 су қоймасы бар. Шомылу маусымы басталғалы жалпы мәлімет бойынша елімізде 33 адам суға батып қаза болған. Оның арасында 13 жеткіншек бар. Бірақ шектеулерге қарамастан тыйым салынған жерге суға түсетіндер азаймай тұр.

– Алатау ауданы бойынша рұқсат етілмеген 6 орын бар. Ол Томирис шағынауданындағы каскадтар, Қарасу ауданында, Байбесікте тоған бар және Үлкен Алматы өзені. Аудандық әкім аппараты, төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті полиция қызметкерлері және Қазақстан «lider.kz» волонтерлар көмегімен бірге бірлескен іс-шара өткіземіз, – деді Алатау ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Марат Есалиев.

Ыстық ауа райында суда шомылып, салқындап алғанға не жетсін? Бірақ рұқсат етілген жерде шомылу керек. Үлкен Алматы өзені қатты жаңбыр жауса, ағыны алдында тұрғанды жайпап кетеді. Қауіп-қатерге қарамастан, сол маңда мекен ететін тұрғындар күні-түні су айдынын жағалап жүр. Ең сорақысы, бұл жерге оң-солын білмейтін бүлдіршіндер мен алкогольді өнім тұтынған азаматтар жиі келеді екен. Мамандар «өзеннің ортасында орналасқан құбыр суға түсушілердің аяғын қысып, денсаулығына зақым келтіруі мүмкін» деп дабыл қағуда.

– Шомылу маусымы басталғаннан бері 412-ші баптан басқа 3 адам 440-бап бойынша жауапкершілікке тартылған, алкогольдік ішімдік ішкені үшін және де су қағидаларын бұзғаны үшін 13 адам жазаға тартылған, – деді Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов.

Суға тусуі былай тұрсын, шомылушылар өзен жағасын қоқысқа толтырып, ескерту белгісі бар тақтайшаны бұзып кетеді екен. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, мұнда былтыр екі құбыр болған. Өзеннің екінші бетіне тұрғындар осы құбырларды басып өтетін көрінеді. Қауіптің алдын алу мақсатында жауаптылар екінші құбырды алып тастап, орнына жүргіншілер көпірін салып беріпті. Бірақ оны елеп, ескеріп жатқандар көп емес. Құбыр үстімен өткен бірнеше адамды байқап қалдық.

Сая Меңдеке, Аяулым Айболқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы