Қала аумағында дәрі бағасын негізсіз қымбаттатып өз қалтасының қамын күйттеген дәріхана қызметкерлері азаймай тұр. Баға тұрақтылығын сақтау мақсатында жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес мүшелері мен Nur Otan партиясының бақылау комиссиясы бірлесіп дәріханаларға рейд жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нәтижесінде дәрі бағасын бекітілген межеден 30 пайызға дейін қымбат сатқан бірнеше сауда нүктелері анықталды. Тіпті, кейбірі талай мәрте ескерту алса да, талапқа бағынбай, медициналық препараттардың үстіне ақша қосып сатуын тоқтатар емес.
Көпшілік кейбір дәрханаларда сатылатын медициналық препараттардың бекітілген бағасынан бейхабар болып жатады. Әр дәрінің үстінен 200-300 теңге қосатын кәсіпкерлер соңында пайдаға кенеледі. Мәселен, Витамин Б-12 дәрісінің бекітілген бағасы 341 теңге болса Наурызбай ауданындағы бұл дәріханада оны 500 теңгеден саудалаған.
«Мен алдын-ала дәрілердің бағасын арнайы қосымша арқылы бақыладым. Кейіннен жоғары баға байқалған дәріханаларға барып, тексермек болдым. Сосын жай тұтынушы ретінде ол дәрілер өзіме қажет болмаса да сатып алдым. Қымбат екенін көріп тұрмыз», – деді Наурызбай аудандық Nur Otan партиясының бақылау комиссиясының мүшесі Кирилл Выстовкин.
Ал, фармацевт маман бұл жағдайды дәрілер әр түрлі компаниялардан келеді деп түсіндірді. Бірін қымбат алсақ, енді бірін арзан бағада сатып алғандықтан, баға да бөлек болатынын айтады. Тәртіп сақшылары сатушыдан түсініктеме алды. Полицейлер дәріханада дәріні негізсіз қымбат сату жағдайы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ дейді.
Алатау ауданындағы бұл аптека да тексеру тобын күтпеген тәрізді. Мұнда сұранысқа ие циклоферон бекітілген негізгі бағадан 20 пайызға қымбат. Табан асты пайдаға кенелгісі келетіндердің ендігі ісі қалалық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментіне жолданады. Одан әрі салынатын айыппұлдың көлемі анықталады.
«Біз мұндай тексерісті қалада төтенше жағдай басталғалы жүргізіп келеміз. Бүгінгі тексерілген дәріханалардың иелеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексінің 1-бабының 426-тармағына сәйкес, айыппұл салынады. Оның көлемі 124 айлық есептік көрсеткіш көлемінде», – деді қалалық Nur Otan партиясының бақылау комиссиясының жетекшісі Ержан Жұмағұлов.
Бүгінде қала бойынша 1200-ге жуық дәріхана бар. Наурыз айынан бастап мамандар баға тұрақтылығын сақтау мақсатында дәріханаларға рейд жүргізіп келеді. Нәтижесінде 156 дәріхананың ісі заңсыз деп танылып, 28 млн-нан астам айыппұл салынған.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы