Астанаға көшіп келушілер саны шектелмек. Яғни елордаға деген көші-қон ағыны бақылауға алынады. Бас қалаға бөтен өңірлерден адамдардың келуіне тыйым салу бастамасын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қолдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір Астана әкімдігі тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр. Қыркүйектің ортасында халық талқысына шығарылады.
Астанада 1 миллионнан аса адам тұрып жатыр. Бас қалаға келетіндердің саны жыл сайын өсуде. Елордаға қоныс аударатындардың санын шектеу бастамасын халық әртүрлі қабылдап жатыр.
– Менің ойымша, ол – адамның құқығын бұзу. Қайда тұрса да, әр адамның еркі бар. Оған ешқандай бөгет болмауы керек, – деді қала тұрғыны Нұршат Сәрсенбаев.
– Барлық жерде адам көп. Автобуста орын жоқ. Мен қолдаймын, – деді қала тұрғыны Анар Аюпова.
– Республика деңгейінде қалаған жерімізде жүруге рұқсат бар, – деді қала тұрғыны Талғат Ташболатов.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова халық санын шектеу бастамасын қолдайды. Оның айтуынша, Астанадағы инфрақұрылым көп адамға жарамайды. Мектеп аз. Медицина мекемелерінің көп кісіні қабылдауға қауқары жетпейді. Осындай мәселелерді ескерсек, уақытша келушілердің қатарын азайтқан дұрыс.
– Елордада мектеп, медицина, жалпы әлеуметтік инфрақұрылым дайын емес. Егер әлеуметтік инфрақұрылым дайын болса, қажетті мүмкіндік болса, адам санын көбейтуге болады. Астана қаласындағы инфрақұрылымды есепке ала отырып, мұны дұрыс шешім деп есептеймін, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, қалаға келетін халықтың санын шектеу шетелде бұрыннан бар. Ал демограф Аяулым Сағымбаева шешім қабылдар алдында алыс шалғайдағы ауылда жақсылап жағдай жасау керек екенін айтты. Мәселен, Қытай 1949 жылдан бастап көші-қон саясатына өзгеріс енгізген. Яғни, қалаға келіп тұру үшін жұмыс орнынан жіберілген шақырту қағазың болуы керек. Маманның айтуынша, елде мұндай тәжәрибені бірден енгізу қателік болады.
– Қазақстан үшін халықаралық тәжірибені бірден қолдана салу тиімді емес. Біріншіден, тыйым жай ғана Астанаға, Алматыға не Шымкентке қатысты болмауы керек. Бұл өңірлердегі жағдайды жақсарту арқылы қосымша жұмыс жүргізілуі керек. Жай ғана тыйым салып тастайтын болсақ, мигранттар саны көбейеді, – деді демограф Аяулым Сағымбаева.
Жауаптылар «халық санын шектеу – Астанадағы инфрақұрылымның нашарлығына қатысты бастама» деп сендірді. Шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөнінде жиын өткізіп, сол кезде инфрақұрылымды жақсарту, талапқа сай ету қажет екенін айтқан еді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда инновациялық орталық ашылды