1500-ден астам қызметкер антқа адал еңбек етті
Қаңтардағы қақтығыс кезінде ел тыныштығына қалқан болған Ұлттық ұлан қызметкерлерінің еңбегі ерен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар арам пиғылдылармен бетпе-бет келіп, көпшілікті аяусыз ұрып-соққандарға қарсы тұрды. Ел басына күн туған сәтте табандылық танытты. Антқа адал екендерін көрсетті.
Дәурен Байысбеков 4 қаңтарда кезекті еңбек демалысында еді. Тәртіпсіздік болған күні кешке әскери бөлім басшылығының жедел шақыртуымен жұмысқа келген. Бейберекетте халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдыңғы шепте болды. Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызметкерлерінің қатарын бұзып өтуді көздеген қаскөйлердің жолын кесті.
«Әскери қызметшілер міндетін адал атқарып, 4-5 қаңтар күні толық 90 пайызға орындады. Құлақ салып тыңдаған халық арасында адамдар болды. Бұларға күш көрсетпеңдер, олар мерзімді әскери қызметін өтеуге келген адамдар деп айтқанымызда, бізді қолдағандар болды», – деді Б. Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің батальон командирі Дәурен Байысбеков.
Ал Қайырхан Сыздықов әскери көліктерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бөлімін басқарады. Бұл қызметтегі мамандар да сол кезде қауіп-қатердің ортасында жүрді. Арнайы тапсырмамен Алматы облысынан цистернаға құйылған жанармай тасыған. Жарты сағаттық жерге барып-келу үшін өмірін қатерге тікті. Себебі қаңтар оқиғасында көп адам оққа ұшқан еді.
«Цистернаға оқ тиген жағдайда 100-200 шақырымға дейін жарылып өрт болатын еді. Тунельге кірдік, тунельдің алдын жаппақшы болды. Тездетіп машинамен жүріп отырдық», – деді Б. Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қызметінің бастығы Қайырхан Сыздықов.
Қауіп сейіліп, елдегі жағдай тұрақталған соң әскерилердің еңбегі елеусіз қалмады. Бірі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» медалімен марапатталса, енді бірі подполковник шенін мерзімінен бұрын алды. Айта кетейік, қаңтар кезінде Алматыда Ұлттық ұлан оңтүстік өңірлік қолбасшылығының 1500-ден астам қызметкері аяқтарынан тік тұрып, адал еңбек етті.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы