«Жауын-шашын кезінде үй ауласы дезинфекцияланбайды»: Алматыда дезинфекциялық жұмыстардың 10-кезеңі қалай өтіп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар коронавируспен күресте залалсыздандыру жұмыстарының инфекцияны жоюдағы ең тиімді әдіс екенін айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дезинфекциялық жұмыстардың 10-кезеңі қалай өтіп жатыр? Мамандар коронавируспен күресте залалсыздандыру жұмыстарының инфекцияны жоюдағы ең тиімді әдіс екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Карантин жарияланғалы қалада қоғамдық орындар, көшелер мен саябақтардың барлығы түгел тазартылып жатыр. Бірақ кейде ауа райының қолайсыздығынан жұмысты уақытша тоқтатуға тура келеді. Дегенмен мұндай кезде мамандар уақытты босқа кетірмей, тұрғын үйлерді тазалауға кіріседі.

Бұл – Наурызбай ауданына қарасты Хан-Тәңірі тұрғын үй кешені. Таңғы 08.00-ден дезинфекция жасау дәл осы мекенжайдан басталды. Мұнда 39 үй, 54 подьезд бар. Тазалықты жасауға 12 арнайы маман іске кірісті.

Нұрсұлтан Батынов Наурызбай ауданындағы дезинфекция жұмыстарын жасаумен айналысады. Оның қол астында 20 кәсіби маман бар. Олар күн сайын 100 шақты ауланы залалсыздандырып шығады. Бұл жолы Нұрсұлтанның ұжымы ауа-райының жауын-шашынды болғанына қарамастан жұмысты жалғастарды.

«22 сәуірде1 айлық жұмысымызды аяқтадық. 1 айдың ішінде 2050 үйге дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Жұмыс үш кезеңге бөлінеді. Дезинфекциялау жұмыстарында біздің санитарларымыз толықтай глизумин деген химиялық затты қолданады. Оның толықтай сертификат бар», – деді  Наурызбай ауданы бойынша дезинфекциялық жұмыстардың жетекшісі Нұрсұлтан БАТЫНОВ.

Жауын-шашын кезінде үйдің ауласы дезинфекцияланбайды. Тек ғана подьездің іші мен кіреберісі тазаланады. Мамандардың айтуынша, коронавирус инфекциясы әр түрлі заттың бетінде 2 сағаттан бірнеше тәулікке дейін сақталуы мүмкін. Мәселен, адамның қолы жиі тиетін есіктің тұтқасы, ұстағыш пен жедел сатының іші олар вирус жиі тұрақтайтын жер болып есептеледі. Сондықтан, залалсыздандыру кезінде осындай жерлерге аса мән беріледі.

«Біздің үйде дезинфекциялық жұмыстар бір аптада екі рет  жасалады. Дүйсенбі мен бейсенбі күні мамандарды күтіп отырамыз. Байқағаным, көбісі сенбей жатады ғой. Бірақ бұл ұжым жұмысын жақсы істеп жатыр.  Жай ғана хлор емес, подьезд ішін арнайы сұйықтықпен тазалайды. Содан кейін өзіміз кем дегенде үш сағат бойы үйден шықпай отырамыз. Себебі иісі қатты сезіледі», – деді  қала тұрғыны Татьяна ПАЙМУЛЛИНА.

Жалпы карантин аяқталғанға дейін Алматыда санитарлық тазалаудың 16 айналымын өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, 500-дей маманның арқасында қаладағы  8 жарым мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй, ондағы 24 мыңнан аса подьезд бен 4 мыңнан аса аула тазаланбақ.

Жадыра Омаржан, Айдана Нұраш, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров