Елімізде жолшы мамандары жетіспейді

22.05.2024 20:20

Биыл елімізде 6 мыңнан астам көлік апаты тіркелген

Almaty.tv

Биыл елімізде 6 мыңнан астам көлік апаты тіркелген. Ал былтыр 1942 адамның өмірі жолда қиылған. Ал 22 мыңнан көп адам зардап шеккен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандар мұндай жағдайдың жиілеуіне жылдамдықты қалыптан тыс асыру себеп деп отыр. Жол төсемдерінің сын көтермеуі тағы бар. Ал сапаның нашарлауына саладағы кадр тапшылығы әсер ететін көрінеді. Елде қазір бұл мәселе өзекті. Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкерлерінің айтуынша, жастар жолшы мамандығын таңдаудан тартынады.

Жол саласында 10 жылға жуық еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған Ердос Лесбекұлы мамандығын айрықша бағалайды. Ол республикалық маңызы бар жолдардың салынуына үлес қосқан. Еңбек жолын асфальт төсеуден бастапты.

– 2013 жылдан бері жол жөндеп келемін. Алматы - Өскемен, Астана - Теміртау, Астана - Павлодар тасжолдарын, Қарағанды Б алқаш обьектілеріне жол салдым, – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкері Ердос Көкірекбаев.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман иесі бүгінде Жол активтері ұлттық сапа орталығында зертхана бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Оның айтуынша, бұл мамандық сабырлық пен батылдықты талап етеді.

– Әрбір саланың қызығы бар деп ойлаймын. Қарағанды - Балқаш тасжолын салған кезде Қытай компаниясымен жұмыс істедік. Басында тіл білмей, бір-бірімізді түсінбедік. Уақыт өте келе, біз қытай,  олар қазақ тілінде сөйлеп үйрендік, – деді  Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкері Ердос Көкірекбаев.

Әріптестерінің айтуынша, Ердос – өз ісінің қыр-сырын толық меңгерген, білікті маман. Бұл қызметке келгеніне небәрі бір жыл болса да, қарым-қабілетін көрсетіп, қызметтестерінің ықыласына бөленген. Серіктестері оның іскерлік қатынастан бөлек, адами қасиетін ерекше бағалайды.

– Еңбек жолын мердігер мекемеде сарапшыдан бастаған. Ол жолды қалай істеу керек, қандай материалдарды өткізу қажет екенін жақсы біледі. Білікті, ақылы маман, – деді Е. Көкірекбаевтың әріптесі Қанат Хамитжанов.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Алматы қалалық филиалында 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Мекеме Жетісу, Алматы облыстары мен қала бойынша салынып жатқан жолдардың сапасын, жол белгілерін тексерумен айналысады. Жолшы салаға маман жетіспейтінін де жасырмады. Кадр тапшылығы жол сапасының нашарлауына алып келетінін жеткізген маман жастарды осы бағытқа баулуды көздеп отыр.

Әйкерім Пернебек, Айғаным Ахунбай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдаланған кәсіпкерге қандай жаза қолданылады