Қадір түні 2021: қасиетті түнде қандай амалдар жасаған дұрыс

08.05.2021 18:15

Бұл түні адамның бір жылғы тағдыры жазылатыны айтылған

kawa-news.com

Бүкіл күндердің және түндердің сұлтаны атанған қасиетті Қадір түні жақындап келеді. Бұл түн Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн болып саналады. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Әдетте ғалымдар Қадір түні Рамазан айының соңғы он күніне сәйкес келеді деп болжайды. Биыл мұсылман жұрты Қасиетті Қадір түнін 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні күтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қадір түнінің ерекшелігі

Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" айтылған. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. 

Қадір түнінде не істеу керек

Біріншіден, Алла Тағалаға құлшылық жасап, намаз оқу керек.

Екіншіден, құран оқып, оның мағынасын терең түсініп, үйреніп, үйрету қажет.

Үшіншіден, діни білім алып, уағыз тыңдап, шариғат үкімдерін бойға сіңірген жөн.

Төртіншіден, тәспі тартып, зікір салу керек.

Бесіншіден, діни кітаптарды оқып, діни фильмдер көрген жөн.

Алтыншыдан, көп дұға қылып, тілек тілеген абзал.

Жетіншіден, мүмкіндігінше мешітке келіп, Қадір түнінің құрметіне намаз оқыған дұрыс. Ескерте кететін жайт, мешітке келген кезде дүние сөзін сөйлемеу керек. Басқаларға бөгет жасамаған жөн.

Қадір түнінің намазы

Ниет: Алла тағаланың ризалығы үшін ниет еттім Қадыр түнінің құрметіне осы намазды өтеуге, Аллаһу әкбар.

Бірінші рекіғатта: 1 Фатиха сүресі, 3 Қадыр сүресі оқылады.

Екінші рекіғатта: 1 Фатиха сүресі, 3 Ықлас сүресі оқылады.

Үшінші рекіғатта: 1 Фатиха сүресі, 3 Қадыр сүресі оқылады.

Төртінші рекіғатта: 1 Фатиха сүресі, 3 Ықлас сүресі оқылады.

Намаздан соң мына дұғаларды оқыған абзал.

1.Ықлас сүресі – 100 рет. Бисмилләһир рахмәнир рахим. Қуль һу уаллаһу аһаді. Аллаһус самаді. Ләм иәлиді, уә ләм иуләді. Уә ләм иәкуль ләһу куфууән ахаді.

2.Қадыр сүресі – 100 рет. Бисмилләһир рахманир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр.

3.Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ – 100 рет.

4.Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ғабдуһу уә расулуһ – 100 рет.

5.Астәғфируллуһ – 500 рет.

6.Лә иләһә иллаллаһ уахдәһу лә шарикәләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ғалә кулли шәйин қадиир – 100 рет.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) Қадір түні туралы хадистері

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», - деген.

Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», - деген.

Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. Имам Маликтің «Муатта» атты еңбегінде риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алдыңғы үмбеттердің өмірлері көрсетілгендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол сәт: «Ұзақ өмір сүрген осы үмбеттер жасай алмайтындай амалдарды менің үмбетіме аз уақыт жасай алуды нәсіп ете гөр», деп дұға жасағанда, Аллаһ Тағаланың мың айдан қайырлы осы Қадір түнін нәсіп еткендігі баяндалған. (Қадір түні мың айға тең деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді).

Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», - деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһ! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деп дұға ету керектігін үйреткен.

Бұл түні адамның бір жылғы тағдыры жазылатыны айтылған. Сондықтан Қадір түнінде намаз оқып, Құран сүрелерін оқып, Алладан кешірім тілеп, береке тілеп, уақытын сауапты іске арнағаны абзал.

Дереккөз: qamshy.kz, alashainasy.kz, stan.kz