Алаяқтар өзін қаржы реттеушісінің қызметкері ретінде таныстырады!
Қаскүнемдер кез келген ақпаратты өзінің арам пиғылын іске асыру үшін пайдаланады, олар БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Алаяқтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметі туралы да хабардар. Енді олар азаматтарға өздерін қаржы реттеуші ретінде телефон арқылы таныстырып, хабарласа бастады. Схема қорқыту, жеке және төлем деректерін хабарлауға не қаражатты олардың шотына аударуға мәжбүрлеу арқылы жүргізіліп отыр. Біздің пайдаланушылардың бірі осы схема туралы Агенттікке ресми кері байланыс арналары арқылы хабарлады:
«Қайырлы күн! Маған хабарласып, ҚР қаржы реттеушісі, ҚНРДА атынан қоңырау шалып отырғанын айтты. Бұл алаяқтар болуы мүмкін бе? Қоңырау шалушы өзін Максим Фролов ретінде таныстырды, мен бұған дейін де алаяқтарға сеніп, біраз ақша жоғалтып алған едім, нәтижесінде кредит мойнымда қалған еді. Бұл адам ҚНРДА менің ісімді тексеріп жатқанын және осыған ұқсас бірнеше шағымдардың келіп түскенін айтты... Содан кейін ол маған WhatsApp-қа жаза бастады, алаяқтарға жіберген барлық чектерді жіберуімді талап етті». Қаскүнем қорқыту арқылы сұратылған ақпаратты алуға тырысқаны анықталды.
Біздің оқырман жүгінген Fingramota.kz-тің жоба қызметкерлері бірден жауап берді, олардың қаржы алаяқтары болып келетінін растады және олармен хат алмасуды тоқтатуға, сондай-ақ кез келген басқа тәсілмен байланысқа шықпауға кеңес берді.
Назар аударыңыз! Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері жеке және төлем деректерін ұсыну немесе қауіпсіз шоттарға ақша аудару мақсатымен азаматтарға өздері телефон соқпайды! Азаматтардың Агенттікке келіп түсетін ресми өтініштерінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес барлық қажетті ақпарат көрсетілген. Сондай-ақ қаржы реттеушісінің өкілдері бөтен логотиптерді, аватаркалар немесе анонимді аккаунттарды пайдаланумен пайдаланушылармен хат жазыспайды.
Сіздер ақпаратты тексеру үшін Агенттікке тікелей, «1459» нөмірі бойынша call-центр арқылы, «Fingramota Online» мобильді қосымшасы, Fingramota.kz сайтының «Онлайн-консультант» сервисі арқылы жүгіне аласыз.
Кеңес: өздерін кім болып таныстырса да бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Алаяқтар банктік шоттарға қол жеткізу үшін түрлі себептермен сіз және сіздің төлем карточкаңыз туралы конфиденциалды ақпаратты қолға түсіруге тырысады. Егер сіз оларға сеніп, құпия мәліметтерді хабарласаңыз дереу өз өңіріңіздегі полиция департаментіне хабарласыңыз!
Алаяқтықтың түрлері жөнінде хабардарлық деңгейіңізді үнемі арттырып отырыңыз. Апта сайын www.fingramota.kz халықтың қаржылық сауаттылығы жөніндегі медиапорталда «Абайлаңыз, алаяқтар» бөлімінде, сондай-ақ Агенттіктің әлеуметтік желілерінде алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша материалдар жарияланып тұрады және пайдаланушылар қаржылық алаяқтыққа тап болған жағдайда алдауды қалай тануға, не істеу және қайда бару қажеттілігі жөнінде толық ұсынымдар беріледі.
Алаяқтар сілтемелер арқылы табыс табуды ұсынады!
2 мың теңге табу үшін сілтемені басыңыз, әрбір жаңа қатысушы үшін 100 теңге мөлшерінде сыйақы алыңыз. 6 мың теңге жинақталғаннан кейін сіз өз ақшаңызды оңай ала аласыз. Алаяқтар мұндай жарнаманы әлеуметтік желілерде белсенді түрде таратып, тез және еш қиындықсыз «табыс табуға» шақырады. Біздің оқырманнан жақында: «Мұндай хабарламаларға сенуге бола ма?»,- деген сұрақ келді.
Шын мәнінде, бұл аз болатын 2 мың теңге сомадан айырылу қаупі болса да, ғажайыпқа сенетін және сәттілігін сынап көруге қарсы емес сенімді пайдаланушылар - оқушыларға, студенттерге арналған онлайн-пирамида. Бұл схемадан өзінің де, еңбек сіңірген сыйақысын да алу мүмкін болмайды, сонымен қатар пайдаланушылар алаяқтық сайтта конфиденциалды қаржылық ақпарат қалдырады, осылайша оны киберқылмыскерлерге жібереді.
Жаңа қатысушылардың келуі тоқтаған кезде пирамида құлайды. Салдарынан пайдаланушылар ештеңесіз қалады және болашақта оларға жаппай алаяқтық шабуылдар басталады, себебі пайдаланушылар және олардың деректері осындай күмәнді жобаларда «көрінді».
Егер сізді қаржы пирамидасына қатысуға тартса, абай болыңыз! Оны мына белгілер арқылы білуге болады:
• Мүшелікке кіру жарнасын төлеуді ұсынады;
• Жоғары кірістілік, жеңіл және жылдам табысқа кепілдік береді;
• Интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жарнама кампаниясы арқылы салымшыларды белсенді түрде тартады;
• Басқа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы төлеуге уәде береді;
• Компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат болмайды;
• ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген халықтың ақшалай салымдарын тартуға арналған лицензия немесе бағалы қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмайды.
Кеңес: қаржы пирамидаларының белгілерімен танысып, оларды мұқият зерделеңіз және негізгілерін есте сақтауға тырысыңыз! 2021 жылы Агенттік қаржы пирамидалары белгілерінің тізімін бекітті, онда әрекет етудің жосықсыз тәжірибесінің 39 өлшемшарты бар. Агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін тұрақты негізде жүргізеді және өзектендіреді. Қазіргі уақытта тізімге қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясынан тыс 154 субъект кіреді. Бұл ақпарат қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында және Fingramota.kz сайтында жарияланды.
Алаяқтар сауалнамаларды қолдануды жалғастыруда!
Қаскүнемдер бірнеше минут ішінде оңай және тез байып кетуді ұсынады. Олар әлеуметтік желілерде танымал екінші деңгейдегі банктердің, ірі өндіруші компаниялардың және басқа ұйымдардың атынан ақылы сауалнамаларды жарнамалайды.
Мысалы, Facebook желісін Halyk Bank-тің «ресми» тестен өткен пайдаланушыларға шамамен жарты миллион теңге төлейтіні туралы жарнама «жайлап» жүр. Fingramota.kz жазылушыларының бірі бізбен постқа жасалған сілтемемен бөлісті.
Жарнама суретінде аталған банкке тән түс гаммасы қолданылады, бірақ жарнаманы шығарып отырған аккаунт пен сауалнамадан өтуге арналған сайттың жалған екендігі сөзсіз.
Кеңес: сізді қызықтырған жаңалықты кімнің жариялап отырғанын әрқашан мұқият тексеріңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және фишинг сайттарда өзіңіз туралы құпия мәліметтерді жарияламаңыз! Бұл ақпаратты қаржы алаяқтары оңай пайдалана алады.
Десек те, сіз қаскүнемдерге ақпаратты беріп қойған болсаңыз және сауалнамадан өткеннен кейін тапқан табысыңызды шығару үшін оларға тіпті ақша аударып қойсаңыз, не істеу керек? Дереу өзіңізге қызмет көрсететін банкке жүгініңіз және болған оқиға туралы хабарлаңыз, картаңызды бұғаттаңыз, мобильдік банктік қосымшадағы парольді ауыстырыңыз және құқық қорғау органдарына өтініш жазыңыз.
Құрметті оқырмандар, абай болыңыздар және алданып қалмаңыздар. Қаржылық алаяқтықтың басқа кейстерімен Fingramota.kz сайтының «Абайлаңыз, алаяқтар» бөлімінен таныса аласыздар.
Дереккөз: Fingramota.kz