Бүгінгі күні 14 елмен әуе қатынасы қалыпқа келтіріліп, рейстер саны аптасына 95-ке дейін көбейтілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жаңа штаммдар анықталған жоқ. Қазіргі уақытта ақпан-наурыз айларында ПТР-тесттің оң нәтижелеріне генетикалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Ал, мутацияға ұшыраған-ұшырамағаны алдағы уақытта анықталатын болады деді.
«Бүгінгі күні 14 елмен әуе қатынасы қалыпқа келтіріліп, рейстер саны аптасына 95-ке дейін көбейтілді. Ең көп жолаушылар саны Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына келеді, 6 қазаннан бастап 1 миллионнан астам адам мемлекеттік шекарадан өтті. 203 мың адам ПТР-тестен өтіп, 1042 науқас анықталды»,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Сонымен қатар министр оптимистік сценарий бойынша, елімізде сәуір айында күніне 500-ге дейін коронавирус жағдайы тіркеледі деп күтілуде деді. Ал, пессимистік тұрғыда қарағанда күніне 1700 жағдай тіркелуі мүмкін.
«Денсаулық сақтау министрлігінің болжам жасайтын жұмыс тобы қолданыстағы шектеу шараларын, соның ішінде міндетті маска тағу режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және қанша адамға вакцина егілетінін ескере отырып 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық жағдай қалай болуы мүмкін екендігіне қатысты болжам жасады»,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.