Art Sport: Алматы әкімдігі жобаны қайта жасауды жоспарлап отыр

 Almaty.tv
Almaty.tv
Жоба шамамен 150 мың баланы қамтиды деп күтіліп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Art Sport бағдарламасына өтінімдер қабылдайтын интернет-платформа жүйелі жұмыс жүргізуге жарамсыз. Осының кесірінен жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде әкімдік күрделі проблемаларға тап болған. Атышулы жоба туралы бүгін Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев арнайы сұхбат беріп, қаржыландыру неліктен тоқтағанын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев БАҚ өкілдерінің басын қосып, әйгілі Art Sport бағдарламасы төңірегіндегі мәселені түсіндірді. Қыркүйек болса жақындады, ал жобаны қаржыландыруды әкімдік қыркүйекте тоқтататынын хабарлаған болатын. «Әкім өзге өңірлерге қарағанда Алматы ақша бөлу мерзімін барынша ұзартып, барлық міндеттемені лайықты орындады» дей келе, жұмыстың тоқтауына Art Sport платформасындағы олқылықтар себеп болғанын атап өтті.

«Art Sport платформасы мемлекеттік, ресми ақпарат базаларына кіріктірілмей, өмірде жоқ адамдарды қабылдауға жол берген. Яғни, кез келген адам, кез келген есіммен өзін айқындайтын құжатсыз оп-оңай тіркеле береді. Платформада кезекке қою жүйесі жоқ. Сондай-ақ балаға жауапты өкіл электронды сандық қолтаңбасыз ай сайынғы табельді растай береді. Ал табельдің шынайы толтырылғанын біліп, тексеретін тетік қарастырылмаған», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Платформа азаматтардың дербес деректерін сақтау мақсатында тиісті сертификатқа ие болуы тиіс. Сондай-ақ деректерді өңдеуге келісім алуға мүмкіндік беретін «Smart Bridge» сервисіне қосылуы керек екен. Art Sport жүйесі бұл талаптарды да сақтамаған. Осы сияқты өзге де кемшін тұстары жетіп артылатын көрінеді. Басы мен аяғы жоқ жүйенің кесірі қала қазынасына қатты зиян келтіріп, биылға бөлінген ақшадан бөлек Мәдениет басқармасы 194 млн теңге қарыз екені анықталыпты.

«Жаңа ваучер беруді тоқтатқанның өзінде жылдың басынан бері 11 млрд теңгедей қаржы төленді. Егер осылай көзімізді жұмып отыра берсек, онда жыл соңына дейін тағы 9 млрд теңге бөлуге мәжбүр боламыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Дегенмен бағдарлама түбегейлі тоқтап қалмайды. Әкімдік қазір жобаны өз алдына жекелей қарастырып, қайтадан жасауды қолға алған. Бірақ ол тек мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, көпбалалы отбасына, ата-анасыз қалған балаларға арналады. Бағдарлама үшін арнайы ақпараттық жүйе қайта іске қосылады. Онда ең бастысы ақпараттық қауіпсіздік сақтауға ерекше мән берілмек.

«Елімізде дербес деректер туралы заң бар. Балаға қатысты болса, тіпті, жауапкершілік артады. Ертең жүйе арқылы жеке дерек шығып кетсе, ең алдымен ата-аналарға зиянын тигізеді. Сондықтан бұл іске мұқият қарауымыз керек», – деді Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Жоба шамамен 150 мың баланы қамтиды деп күтіліп отыр. Оны екі айда жасау көзделіпті. Жаңа бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін отбасылар енді жаңа жүйеге қайтадан өтінім берулері керек. Айта кетсек, Art Sport аясында қалада биыл 80 мың бала тегін секция мен үйірмелерге қатысқан.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров