СҚО-да Сібір еліктері неге көбейіп кетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар мұндай құбылыс Ақмола облысында да байқалғанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда Сібір еліктері көбейіп барады. Биыл жабайы аңдар Ресейден біздің елге үдере көшуін тоқтатар емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірдегі еліктің көбеюі жергілікті халықты алаңдатқан мәселеге айналды. Себебі аңдар бүгінде аулаға кіріп, қаладағы көшелерде емін-еркін серуен құратын болған. Бірі мұны табиғат құбылысы дейді. Ал енді бірі жұптұяқтылар қоғамға қауіп әкеледі деген пікірде.

– Еліктер емін-еркін жүреді. Орман шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар болса, ескерсе жақсы болатын еді. Машиналарға қолайсыздық келтіріп жатыр. Көлікте жүрген адамдар болса, абайласын, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Саят Ноянов.

– Еліктер расында көбейіп кетті. Жолда жиі жүргендіктен күнде көремін. Әсіресе түнгі уақытта еліктер қаптайды. Сол үшін ақырын, абайлап жүру керек деп ойлаймын. Бірақ не істей аламыз? Олар да өз күнін көруі керек, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Асар Орал.

Ал мамандар мұндай құбылыс тек солтүстікте ғана емес, Ақмола облысында да байқалғанын айтты. Ресейдің Омбысында жағдай бұдан да қиын. Бұл мәселеге аштық себеп болыпты.

– Жануарлардың жаппай көшуі ауа райына байланысты деп топшылап отырмыз. Қар астындағы жемге жете алмаса, еліктер бірден қолайлы жер іздеп кетеді. Сондықтан оларға барынша көмек көрсетеміз. Тұяқтылар жиналған жерлерге жем тастаймыз. Бұл – біздің міндет, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.

Қазір өңірдегі сібірлік еліктердің саны 20 мыңға жеткен. Жергілікті жұрттың сөзіне сенсек, соңғы кезде тұрғын үйлердің маңынан жұптұяқтылар ғана емес, түлкі мен қоян, тіпті жабайы қабандар көрінетін болған.

Оразай Нұртайұлы, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда арқар мен қарақұйрықтың саны артты

Новости партнеров