Домбыра жасау ұқыптылықты талап етеді – шебер

17.08.2023 23:35

Шебердің айтуынша, елімізде ұлттық аспапқа деген сұраныстың артқан

Almaty.tv

Ата кәсіпті нәсіп еткен алматылық үш ағайынды қазақтың қара домбырасын жасауға ширек ғасырдан астам уақытын арнаған. Өз ісінің хас шеберлері осы уақыт ішінде 5 мыңнан астам қобыз, шертер, жетіген жасапты. Бүгінде ағайындылардың қолынан шыққан аспаптар көптің сұранасына ие, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық аспап жасаудың хас шебері Мейірбек Ділманов «бала кезімнен әкемнің шағын шеберханасынан шықпай, жұмысына тамсана қарайтынмын» дейді. Шебер 30 жыл бұрын алып шаһар Алматыға келіп, музыкалық аспаптар жасау мамандығы бойынша білім алған. Осы уақытқа дейін ол 2 мыңнан астам жетіген, қобыз бен домбыра жасап шығарған.

– Қанмен берілетін болар, әкем де, нағашы атам да шебер болған. Әкем марқұм киелі келсап, арба, ер-тоқым жасайтын. Біз оны көріп өстік, – деді шебер Мейірбек Ділманов.

Мейірбек Ділмановтың інісі Дүйсенбек те осы ұстаханада еңбек етеді. Отыз бір жыл бойы музыкалық аспап жасаумен айналысатын қолөнерші домбыра жасау аса ыждағаттылық пен ұқыптылықты талап ететінін айтты.

– Шеберханада ағам, екі інім, екі балам жұмыс істейді. Қазақтың қол өнерін жас шеберлерге үйретеміз, – деді шебер Дүйсенбек Ділманов.

Өз ісінің нағыз мамандары музыкалық аспапты әзірлеу дұрыс ағаш таңдаудан басталатынын айтты. Әңгіме барысында шеберлер кейінгі кезде ұлттық аспапқа деген сұраныстың арта бастағанын қуанышпен жеткізді.

– Домбыраға сұраныс көп. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 50-100-200 домбыраға тапсырыс қабылдап, жасаймыз, – деді шебер Мейірбек Ділманов.

Шеберхана 30 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Айына мұнда 400-ге жуық аспап жасалады. Сондай-ақ ұстахананың мұражайы бар.

Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қамшының қасиетін білесіз бе