Қарағандыда аттракционда қайтыс болған әйелдің өлімі демалыс, ойын-сауық саябақтарының техникалық жай-күйін бақылау бойынша жедел жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті. Осылай деген Мәжіліс депутаты Артур Платонов Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында аттракциондарды есепке қою туралы және олардың қауіпсіздігі жергілікті атқарушы органдарға бекітілгені жайында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда, іс жүзінде бұл жұмыстар жүргізілмейтінін сынға алды. Қайғылы оқиға болғанда әкімдіктегілер әдетте, орнатуға рұқсат бермегенін, нысан баланста еместігін айтып, «Кеңес заманынан бері қалған» деген секілді түрлі себептерді желеу етіп, жауапкершіліктен сытылып кететінін айтты.
«Аттракциондарды алдын ала және жоспарлы тексеру тәртібін есепке алу және бақылау жоқ. Техникалық куәліктер берілген болса да, олар тіркелмейді және аттракциондардың қауіпсіз жұмысын бақылайтын маман аттракцион иесінің немесе пайдаланушы ұйымның бұйрығымен тағайындалады. Яғни, олар іс жүзінде өздерін тексереді, бұл көбінесе алдау болып саналады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Артур Платонов.