Елімізде 58 мектепте интернет мүлдем қосылмаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атына жолдаған сауалында айтты. Бұдан бөлек, отырыста Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Парламентке қандай міндет жүктелгені талқыланды. Депутаттық корпус барлық бастамаларды жедел, тиісті заңдармен қамтамасыз ету жұмысына кірісеміз деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова ауыл мектептеріндегі интернет жылдамдығы мәселесін көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атына сауал жолдады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлі 58 мектепте интернет мүлдем қосылмаған. 192 мектепте интернет жылдамдығының төмендігі сонша, қарапайым сайтты іске қосып, интерактивті сервисті жүктеу мүмкін емес. Осы ретте, депутат мынадай ұсыныстар айтты.
«Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп, жаңа бағдарламалық өнімдердің талаптарын ескере отырып, байланыс арналары мен қолда бар жабдықтардың мүмкіндіктерін бағалау қайта қарастырылсын. Педагогтар мен оқушылардың білім беру ортасында цифрлық теңсіздікті төмендетуге байланысты ведомствоаралық кешенді іс-жоспар әзірленсін», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы заң жобасын ұсынды. Министрдің айтуынша, бұл АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
«Құжатқа сәйкес АҚШ қаржы ұйымдарымен халықаралық іскерлік операциялар жүргізетін барлық шетелдік қаржы ұйымдары АҚШ салық төлеушілерінің шоттары туралы ақпарат беруге міндетті. Заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде кредиттік ұйымдардың, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметтерін қамтиды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаттары «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын қарады. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленіпті.
Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан