Елімізде жыл соңына дейін 216 елдімекен модернизациядан өтеді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Мемлекет басшысының Жолдаудағы айтқан тапсырмаларын орындау үшін келер жылға 1,6 триллион теңге бөлінбек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік қызметтегі оңтайландыру шаралары қалай жүргізіледі? Қысқартулардың арқасында қалған қызметкерлердің жалақысы қаншалықты артады? Бұл сұрақтардың жауабын Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында еліміздің Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтып берді. Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов 2021 жылы Президенттің Жолдауын орындау үшін бөлінетін қаражаттың нақты неге жұмсалатынын түсіндірді. Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын.

Мемлекет басшысының Жолдаудағы айтқан тапсырмаларын орындау үшін келер жылға 1,6 триллион теңге бөлінбек. Қаражат бірінші кезекте, медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің еңбекақысын көтеруге бағытталмақ. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнестің несие бойынша пайыздық ставкасын субсидиялауға жұмсалады.

«Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларын орындау үшін тиісті қаржы қажет. Мысалы, биылғы республикалық бюджетте қарастырылған қаржыға келесідей шаралар жүзеге асты. Тез салынатын 13 жаңа инфекциялық ауруханаға 30 млрд теңге ескерілген. Үкімет резервінен табысы аз отбасылардың балалары үшін компьютерлік техниканы сатып алуға 70 млрд теңге бөлінді», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов.

2021 жылы республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына да жіті назар аударылады. Ауылдарда білім ошақтарын көтеру мен жөндеу, амбулаториялар мен спорттық кешендерді салу, инженерлік жүйелер мен жарықтандыру сияқты мәселелер шешілетін болады. Бұл жұмыстар биыл да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жыл соңына дейін 216 елдімекен модернизациядан өтеді деп көзделген.

«Ауыл округтерінің қаржылық жағдайы күшейтіледі. Кірістердің бір бөлігі округтердің бюджетіне тапсырылмақ. Сәйкесінше, ауыл тұрғындары жергілікті қоғам жиналыстары арқылы елеулі мәселелерді шешетін болады. Жалпы, 2353 ауыл округі үшін қаржылық мүмкіндік артады. Сонымен бірге, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Онда ауыл әкімдерін сайлау, мәслихаттар өкілеттігін кеңейту қамтылады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Брифингте мемлекеттік қызметтегі оңтайландыру жұмыстарының жайы да айтылды. Анықталғаны штаттық санды ықшамдау бизнес-процестерді автоматтандырумен қатар жүреді. Бірқатар басқарушы буын қысқартылады деп күтілуде. Ал төменгі бөлімдердегі қызметкерлердің еңбекақысы өсетін болады. Ұлттық экономика министрінің сөзінше, жалақыны 15 пайызға арттыру мүмкіндігі тумақ.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров