Алматыда қаламызды көгалдандыру мәселесі бойынша арнайы жоба жасалуда

13.11.2019 20:25

Биыл 140 мыңға жуық ағаш отырғызылды

пресс-служба акима Алматы

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаланы жасылдандырудың жобалық нұсқасымен танысып, маңызды мәселелердің басын ашатын жиын өткізген. Отырыс барысында таяудағы үш жыл ішінде оңтүстік астанамызда жалпы саны миллионға жететін ағаш отырғызу мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Болашақта игі істі көздеген бұл жобаға тек кәсіби мамандар жұмылдырылмақ. Олар зерттеу барысында қаладағы жасыл желектің жалпы көлемі бір адамға шаққанда небәрі 4.8 шаршы метр екенін анықтаған. Ал, сонау 70-80 жылдары бұл көрсеткіш 10 шаршы метрді құраған. Бұл жағдайды мамандар жасыл желектің азаюы мен қала көлемінің үлкейіп, адам санының артуына байланысты деп түсіндіруде. Көгалдандыру арқылы қаланың абаттану деңгейі артып, демалыс  аймақтары мен саябақтар көбеймек. Ал, бұл қала экологиясының тазалануына маңызды қадам болмақ.

Айта кету керек, қаламызда соңғы үш жылдың ішінде жалпы саны 134 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Ал, биылдың өзінде 140 мыңға жуық жасыл егілді.