Алматыда Орталық Азия елдерінің қатысуымен климат өзгерістеріне бейімделуге арналған өңірлік семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
ЮНЕСКО іске асыратын жоба криосфера жағдайын бағалау және бақылаумен қатар, тұрақты суды басқарудың интеграцияланған тәжірибесін қолға алған. Зерттеушілердің айтуынша, тау мұздықтарының шектен тыс еруі маңызды экологиялық мәселеге айналып отыр. Жоба аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның өкілдері жиналған.
– Біздің криосфера, қар мұздықтарын айтатын болсақ, оның барлығы таудан ағатын суларға әсер етеді. Орталық Азияда судың 80 пайызын қар мен мұздықтар құрайды. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің іс-әрекет жоспарын дайындап жатыр, – деді Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры Такир Балықбаев.
Семинар бақылау және деректерді басқару саласындағы тиімді аймақтық ынтымақтастық үшін негізгі жұмыс құрылымын құруға бағытталған. Жиналғандар орталықтардың мүмкіндіктері, ғылыми-зерттеудің әдістемелері мен нәтижелеріне қатысты ұсыныстар білдірді. Сондай-ақ соңғы диагностикалық талдаулардың қорытындысын ортаға салды.
– Бұл жобаның маңызы зор. Себебі Орталық Азияда өзендерге жиналатын сулар криосфера, яғни тау мұздықтарынан келеді. Сондықтан қордағы су көлемін бағалау керек. Экономикалық тұрғыдан да қолжетімді су мөлшерін біліп, нақты қадамдар мен болжам жасау мүмкін болмақ, – деді гляциолог, орталық азиядағы криосфера жобасының үйлестірушісі Мартина Барандун.
Оқи отырыңыз: Lift Expo Kazakhstan – 2024: Алматыда II халықаралық көрмес басталды