|
23.01.2024 | 15:26
467

Қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындарға айыппұл салынды

Жұмыс тобы 650 рейдтік іс-шара жүргізді

Қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындарға  айыппұл салынды Almaty.tv

Қазақстанда қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындарға 323 млрд теңге айыппұл салынды. Тағы 31 мекеме экология талаптарын сақтамағаны үшін қызметін уақытша тоқтатты. Бұл туралы Үкімет отырысында сала жетекшісі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Экологиялық талаптарды сақтамаған кәсіпорындарға тексеріс өткен жылы жүргізілген. Жұмыс тобы 650 рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде 1600-ден аса заң бұзылған. Экология министрі табиғат анаға ең көп залал келтірген қос кәсіпорынды атады. Бірі – «Қарабатан Ютилити Солюшнз» компаниясы мен мұнайлы астанадағы «Теңізшевройл». Өзге өңірлердегі жағдай да мәз емес.

– Өңірлерде экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін  Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарына 681,8 млн теңге, Абай облысына 677,5 млн теңге, Ақтөбе облысына 133,8 млн теңге айыппұл салынды, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын атмосфераға 2,5 миллион тоннадай зиянды қалдық шығатын көрінеді. Мұның ішінде ірі кәсіпорындар мен жүйткіген көліктерден бөлінетін улы газ бар. Экология министрі өндіріс орындарынан келіп жатқан зиянды қалдықтардың көлемі қысқармай тұр. Талаптар ортақ болғанымен оны кей алпауыт кәсіпорындар сақтауға құлықты емес. Үкімет басшысы олардың жұмысын қайта жандандыру керек екенін айтты.

– Экологияға қалдықсыз технологияларды белсендірек енгізу керек. Табиғатты қорғау шараларын жаппай жүргізудің де маңызы зор. Мысалы компаниялар ағаш отырғызу, өзен арнасын тазарту, даладағы қоқыс жинау науқанын жүйелі түрде жүргізу қажет. Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктер бірлесіп жоспарлы жұмыс істеуі керек, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Елде алдағы уақытта 50 ірі кәсіпорын жаңа технологияға көшуі мүмкін. Бастама зиянды қалдықтарды жылына 900 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Министрліктің есебі бойынша, экологиялық ахуал бүгінде бірнеше қалада күрделі. Ауасы ең лас өңір ол – Теміртау, Қарағанды. Алматы, Өскемен, Павлодар, Шымкент сынды шаһарларда да жағдай оңалмай тұр. Желсіз ауа райы, жылу қазандықтары және көліктен шығатын зиянды заттардың мөлшері жыл сайын ұлғайған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Смайылов: жер сілкінісі кезінде халыққа ерте мәлімет беру керек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир