Тұрғындармен бетпе-бет кездесуге аудан әкімі келді
Есік алдындағы ұлтарақтай жерді жекешелендіріп алған бейтаныс жандарға халық наразылығын білдіріді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиналған көпшіліктің айтуынша, үйіне шыға алмайды. Еш ескертусіз жасалып жатқан жұмысқа наразы тұрғындар мәселені түсіндіріп беруді сұрайды.
«Сіз өз үйіңізден шығып,басқа біреудің жеріне тап боласыз. Яғни, ауламыз өз меншігімізде емес. Алдағы уақытта тереземнің алдына белгісіз біреулер келіп, бәліш сататын дүңгіршек ашса да таң қалмаймын», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Ирина Плотникова.
Тұрғындармен бетпе-бет кездесуге аудан әкімі арнайы келді. Сондай-ақ, бірнеше сала басшысы мен аудандық прокурор қызметкері де осы жерден табылды. Көпшіліктің наразылығын тудырған жер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі болып шықты.
«Ғабдуллин көшесінің бойында орналасқан жер 2020 жылдың қазан айында қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өткен. Ескі үйлерді сүру бағдарламасын негізделген еді. Бірақ тұрғындардың өтінішіне орай құрылыс жұмыстары жүргізілмейтін болды. Қазір де бұл жерге қандай да бір ғимарат тұрғызу жоспарда жоқ», – деді «Алматы» ӘКК АҚ реновациялау бағдарламасын іске асыру департаментінің директоры Жасұлан Қиматов.
Көпшілік көше бойында орналасқан клуб күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды дейді. Бұл ғимаратты саларда тұрғындармен келісім жүргізілмеген.
«Мына түнгі клубты салу үшін осы жердегі бірнеше ағашты заңсыз кесіп тастады. Заң тұрғысынан қарайтын болсақ та мұндай ғимараттың үйге жақын орналасуы мүлде дұрыс емес. Осы нысан ашылғалы ауламызды нашақорлар жайлап алды десем артық емес. Бұл балаларымыз үшін өте қауіпті», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Екатерина Железина.
«Мұның барлығын құжат жүзінде қарастыруымыз керек. Бұл мәселені сіздер айтқандай заңсыз немесе заңсыз емес деп кесіп айтуға болмайды. Мен аудандық прокуратура қызметкерлеріне сұраныс жіберемін. Бұл мәселені анықтаймыз», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.
Аудан жұртының наразылығын тудырған мәселелер мұнымен бітпейді. Көпшілік жол бойына бағдаршам орнатуды ұсынды. Аудан әкімі Алтай Ерғазыұлы көшпелі кездесу аясында арнайы хаттама толтырылатынын айтты.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы