Құлсарыдан Маңғыстау облысына қоныстанған 130 бала өңірдегі мектепте білім алмақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Қауіпсіз аймаққа көшірілгендер саны 20 мыңға жуықтаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құлсарыдан Маңғыстау облысына эвакуацияланған халық саны сәт санап өсіп барады. Қазір қауіпсіз аймаққа көшірілгендер саны 20 мыңға жуықтаған. Ақтау қаласындағы жатақханалар мен спорт залдары да лық толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атырау облысына қарасты Жылыой ауданының тұрғындары су басқан аймақтан Бейнеу, Мұнайлы ауданы, Ақтау мен Жаңаөзен қаласына, сондай-ақ Шетпе, Құрық сынды ауылдарға қоныстанып жатыр. Қазіргі таңда мұнда 300-ге жуық эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Аталған нысандар 85 мыңнан аса адамға арналған.

– Мен сағат 3:00-де келдім. Тегін әкеліп, орналастырып, жағдай жасап жатыр. Тамағымыз, шәй-су, төсек-орын жабдықталған. Тұрғындарға қиын жағдайда қолдау көрсеткен барлық қолдаушыға алғыс білдіреміз, – деді Жылыой ауданының тұрғыны Орын Әлиева.

Қиын жағдайдан құтқарылып, Ақтауға келген азаматтардың 530-ы 17-шағынаудандағы жатақханаға орналасқан. Оларға үш мезгіл тамақ, жатын орын мен киім-кешек беріледі. Азық-түлік қоры да әзірге жеткілікті. Ал қажетті дүниені Ақтау қаласы мен облыс әкімдерінің штабы толықтырып отыр. Сондай-ақ 130 бала өңірдегі мектепте білім алмақ.

– Ақтау қалалық Білім бөліміне осындағы балаларды сабақпен қамту бойынша тізімі қайта тексеріліп жатыр. Оларды біліммен қамту мәселесін штабқа ұсыныс қып айттық. Егде азаматтарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді, ал ер азаматтарды мектептегі пункттерге жіберіп жатырмыз, – деді ерікті Наурызбек Мағдатов.

Эвакуацияның негізгі легі біткенімен, Құлсарыдан біртіндеп келіп жатқандарда есеп жоқ. Халықтың 17 мыңы іргелес тұрған Бейнеу ауданына, 2 мыңы Ақтау қаласына, қалғаны облыстың әр ауданына пойызбен, автобуспен аттанған. Бұл ретте тегін қызмет көрсеткен такси жүргізушілерінің еңбегін де атап өткен жөн.

– Жігіттер жиналып, 7-8 көлікпен тамақ апардық. Қайтарда адамдарды әкелдік. Екі адам Шетпеге түсті, қалғаны қалаға келді. Бала-шаға, әйел, ауыратын ер адамдарды жеткіздік, – деді такси жүргізушісі Қайрат Дүйсенов.

Атырау облысына қарасты Құлсары қаласы әлі де көмекке зәру. Оларға дәрі-дәрмек, тамақ, киім, су бөгейтін құм мен күрек, қап керек.

Айта кетейік, кеше Түпқараған ауданына 200 азамат орналастырылды. Ал оған дейін қоныстанған 35 бала мектеп партасына жайғасып, сабақ оқуды бастады.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдәулет,  «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: СҚО-да су тасқынына қарсы іс-шараларға 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды

Новости партнеров