Алматыдағы 2 миллионнан астам ағаш бір мобильді қосымшаға сыйып кетті. Өткен жылы нобайы әзірленіп, биыл толықтай іске қосылған бағдарлама 6 ай дайындалған. Қазір қосымшаға тек 6 аудандағы ағаштар жайлы деректер енгізілген. Жоспар бойынша 2019 жылы Алатау және Наурызбай аудандарындағы орман қосылмақ. Ал мамандар «Алматы ағаштары» мобильді қосымшаcы бұрын-соңды Қазақстанда болмағанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімдігі әзірлеген «Алматы ағаштары» мобильді қосымшасы толық іске қосылды. Онда қазір 2 миллион 231 мыңнан астам жасыл желек туралы барлық ақпарат жинақталған. Бағдарламада Алматыдағы ағаштардың түрінен бастап, ұзындығы, жасы, денсаулық жағдайы, тіпті, отырғызылған жылына дейінгі бар ақпарат бар. Айтпақшы, қолданылу тәртібі оңай. Өзіңізге керек ағашты нақты мекенжай арқылы тауып алу қажет.
«Бағдарлама ГИС форматында болғандықтан жаңағы мобильді қосымша андроидқа және IOS форматына жасалынды. Ол жерде жалпы ағаштар жөнінде толық ақпарат енгізілген. Яғни, қала халқына жасыл желектер жөнінде толық ақпарат беру мақсатында жасалынған. Әр кварталда әр ағаштың жеке нөмірі енгізіліп, әр ағашты осы картада қолдандық. Картаға әр ағаштың жеке деректері енгізілді. Жасын анықтау мақсатында осы саланы арнайы оқыған мамандар орман шаруашылығын бітірген мамандар жұмыс жасады», – деді «ЭкоАлматы» ЖШС бөлім басшысы Думан МӘКЕЕВ.
Мамандар кері байланысты да арнайы орнатқан. Себебі, ағашты заңсыз отау орын алса, бірден хат жазып жіберуге болады. Ең қызығы, түгендеу кезінде Қармысов көшесіндегі балабақшадан ең кәрі ағаш анықталыпты.
«Алматы ағаштары» қосымшасына қаладағы жасы 300-ге жуықтаған мына емен ағашы да кіріпті. Он адамның құшағына әрең сыятын оның ұзындығы 20 метрге жуықтайды. Ал қалған қосымша ақпараттың барлығын бағдарламадан алуға болады.
Алматы ағаштарын түгендеген мамандар алдағы уақытта бұл қосымшаны қаланың бас жоспары негізінде жасалған 3D картасына байланыстырмақ. Осылайша, қаладағы барлық ғимарат пен жасыл желекке қатысты ақпарат бір ғана жерден табылады. Ал мамандар бағдарламаны жетілдіру мен толықтыру жұмысы жалғаса береді деп отыр. Себебі, Алматыда жыл сайын 30 мыңға жуық жаңа ағаш егіледі екен.
«Қосымша бұл жерден дұрыс, шынайы ақпараттарды таба аласыз. Жасыл екпелердің, ағаштардың нақты жасы, инвентарлық номері және ауруға шалдыққандығы немесе қандай да бір іс-шараларға жататындығы көрсетіледі. Мысалы, жасыл екпе санитарлық кесу мақсатында егіле ме әлде күтім-баптау мақсатында егіле ме, оны да білуге болады?», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Асылбек ӘБІЛҚАЛЫМ.
Ал биыл Алматыдағы жасыл желектің нақты саны анықталмақ. Мұны да мамандар мобильді қосымшадан біле аласыздар дейді.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы