«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды. Жоспарға сай, биыл 1200 адам баспаналы болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жобаны жүзеге асыруға 25 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы күннен-ақ өтінім беруге асыққандардың қарасы қалың. Бүгіннің өзінде 1300-ден аса адам құжат тапсырған. Жетінші жыл қатарынан өткізіліп отырған бағдарламаға 35 жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады. Оларға 5 пайыздық мөлшерлемемен 18 миллион теңгеге дейін несие берілсе, алғашқы жарна 10 процент. Сондай-ақ өтініш берушінің отбасы болса, жарының меншігінде соңғы бес жылда баспана болмауы тиіс. Ал биылғы шарт бойынша, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуы қажет.
– Бірінші рет тапсырып отырған адам «Алматы жастары 2024.кз» сайтына кіріп, электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы жеке кабинетіне құжаттарын салады. Жұмыс орнынан анықтама алуы тиіс. Биыл жобаға жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша жалға алып отырған және 2019 жылғы желтоқсаннан бастап келісімшартпен жалға алып отырған жастар қатыса алады, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Рита Нұрбекқызы.
Биыл бағдарламаға қалалық прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу департаментінің мамандары қатыса алады. Ал өтініш берушінің ресми жұмыс өтілі 6 айдан кем болмауы қажет.
– Жылдан жылға әкімшілік тарапынан берілетін қаржыландыру сомасы өсті деп айтсақ болады, былтыр бағдарламаға 23 миллиард теңге бөлінсе, биыл 25 миллиард теңге аударылды, – деді «Отбасы банк» АҚ филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Еске салайық, «Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы бастау алған. Содан бері 4500-ден астам адам қоныс тойын тойлап үлгерген. Ал биыл бұл көрсеткіш тағы 1200-ге ұлғаймақ. Бағдарламаға өтінім қабылдау мерзімі 7 тамызға дейін жалғасады.
Рүстем Айткәрім, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыдағы ақылы автотұрақтарды қалай анықтауға болады