«Арысқа апта сайын келіп тұрамын». Премьер-министр Асқар Мамин дәл осылай деді. Арыс қаласына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы қаланың қалпына келтіру шаралары мен тұрғындардың жағдайы жіті бақылауында екенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Премьер-министр Арысқа келген бетте аурухана, мектеп, шипажай сияқты маңызы бар нысандардағы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Құрылыс жүріп жатқан нысандарды түгел шолып шыққан Үкімет басшысы жауаптыларға бірқатар тапсырмалар да берді. Сондай-ақ, Үкімет басшысы Жамбыл облысының штабына қарасты тұрғын секторында болып, қарапайым бұқарамен де кездесті.
Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыстар 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарында жүргізіліп жатыр.
Кеңесті қорытындылаған ҚР премьер-министрі Асқар Мамин қаланы қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.
«Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс», - деді Асқар Мамин.
ҚР Үкіметінің басшысы зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды уақытылы қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуді, медициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды және білім беру нысандарын жаңа оқу жылының басталуына дайындауды тапсырды.